USD 327.42

EUR 383.90

РУБ 5.31

Бейжіңдегі ұлттық кітапхана Қазақстан жайлы жаңа кітаптармен толықты

Бейжіңдегі ұлттық кітапхана Қазақстан жайлы жаңа кітаптармен толықты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев осы туындыларды мекеме ұжымына табыстады.

Қытай ұлттық кітапханасындағы Қазақстан әдебиетінің орталығы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына орай ашылған болатын.

Бұл – дүниежүзіндегі ең ірі 3 кітапхананың бірі. 1909 жылы құрылған мекемеде әлемдегі қытай басылымдарының мол қоры жинақталған. Шет тілінде жазылған еңбектер де есепсіз. Соның ішінде Қазақстанға төрден орын берілген. Қытай ұлттық кітапханасы шетел әдебиеті бөлімінің қызметкері Лю Мэйдің айтуынша, қазір Қазақстан туралы кітаптарға оқырмандардың сұранысы артып келеді. 

Лю Мэй, Қытай ұлттық кітапханасы шетел әдебиеті бөлімінің қызметкері:

- Біздің кітапханада Ресей, Жапония, Малайзия және басқа елдердің бұрыштары бар. Солардың қатарында қазақ әдебиеті бөліміндегі кітаптардың саны өте көп. Келушілер Қазақстан жайлы фотоальбомдар мен көркем кітаптарды оқиды. Қазақстан бұрышына қызығушылардың саны күннен-күнге көбейіп келеді.

Кітапхананың Қазақстан бұрышында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбектерінің таңдамалы жинақтары бар. Оның қатарын енді «Қазақтың батырлық жырлары», «Мәңгілік сарын» және «Қазақтың дәстүрлі жүз әні» сияқты туындылар толықтырды.

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы елшісі:

- Басқа мемлекеттің әдебиетін, тарихын, қазіргі даму жолын түсінген кезде ғана екі мемлекет арасында өзара сеніп арта түседі. Сондықтан біздің мақсатымыз – Қазақстанда болып жатқан соңғы үрдістерді жеткізу, біздің жетістіктерімізбен таныстыру және біздің тарихымыз бен әдебиетімізді бұларға паш ету.

Қазақстан жайлы білгісі келетіндер ағылшын жазушысы, саясаткер Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамдары» еңбегін оқиды. Сонымен бірге оқырмандардың «Көрікті Қазақстан – көркем Қытай» фотоальбомына деген сұранысы басым. Мұнда екі елдің табиғаты, тарихы, мәдениеті және дәстүрімен танысуға болады.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 әлеуметтік желілерде