352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Египет жерінде зерттеу жүргізді

  • 348

«Бабалар ізімен» тарихи ғылыми экспедициясы Египет жерінде Мәмлүк империясының алғашқы билеушілеріне қатысты тың зерттеулер жүргізіп қайтты.

Осындай тарихи тұлғалардың бірі – қыпшақ мәмлүктерінен шыққан әйел билеуші Шаджар ад Дур сұлтан. Сапар Ысқақов бастаған зерттеушілер тобы Ұлы даладан Мысыр жеріне барған ата-бабаларымызға қатысты жаңа мәліметтер жинап қайтты.

Шаджар ад Дур сұлтан туралы біреу білсе, біреу білмес. Бұл тарихи тұлға 1250 жылы көктемде Мысыр елін басқару үшін таққа отырады. Ол – кезінде Үндістан жеріндегі Разия сұлтан сияқты шығыс және мұсылман әлемінің тарихында болған өте сирек әйел билеушілердің бірі. Бұл екі айрықша тұлға да түркі әлемі және орта ғасырдағы Дешті Қыпшақ жерінен шыққан әрі қазіргі қазақ халқынан тарайды. Шаджар ад Дур ежелгі Мысырға басқа да мәмлүктер сияқты құл болып келген. Уақыт өте келе ол өз ақылы мен іскерлігінің арқасында билікке келеді. Ол таққа отырған соң Египетте бахри, яғни қыпшақ мәмлүктердің династиясы орнап, ол 1250 жылдан 1382 жылға дейін жалғасады.

Мұхаммед Рияд, Асуан университетінің профессоры:

- Бұл адамдарсыз, егер олар дәл сол уақытта Мысыр жерінде болмағанда, Египет крест жорықтарынан немесе татар-моңғол шапқыншылыған зардап шегуі мүмкін еді. Біздің халықта темірді тек темір ғана майыстыра алады деген қанатты сөз бар. Қыпшақ мәмлүктер темірдей мықты болғандықтан осындай сынға төтеп бере алды. Шаджар ад Дур Сұлтан Бейбарыстан бұрын билеуші болған. Және атақты Бейбарыс оған ерекше құрметпен қараған.

Шаджар ад Дур Мысырды бір жыл көлемінде басқарды, яғни билікте аз ғана уақыт отырса да елдің тарихында айрықша орынға ие. Өйткені оның кезінде француз королі Людовик тоғызыншы бастаған крест жорығына тойтарыс беріліп, елде бейбіт өмір орнайды. Оның көзі тірісінде-ақ Асмат ад Дин деген лақап аты болған. Ол қазақ тіліне аударғанда «діннің қорғаны, дінді сақтаушы» деген мағына береді. Шаджар ад Дур сұлтан қайтыс болған соң Каирде арнайы мавзолейде жерленген. Бүгінде ол тарихи жерге айналған. «Бабалар ізімен» экспедициясы Египет пирамидаларына да арнайы ат басын бұрды. Себебі Мысыр елінде дәл осы пирамидалар мен мәмлүктерді байланыстыратын көнеден қалған аңыз бар екен.    

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Жанымызда тұрған пирамида биіктігі әуелі 146 метр болған. Бірақ уақыт өте келе төбесі құлап, қазір биіктігі 137 метр. Хеопс деген фараонға салынған. Бұған қатысты көптеген аңыздар бар. Соның ішінде Сұлтан Бейбарысқа да қатытысы бар. Ол кезінде 12 қанат киіз үйді осы пирамиданың басына орнатқан екен. Оған ондай мүмкіндік бар. Себебі пирамиданың ұшар басында орын жеткілікті.

Каир қаласындағы атақты Цитадель – туристердің ең көп келетін жері. Бұл тарихи нысанды салу туралы бұйрықты атақты қолбасы Салах уд дин әл Аюбидің өзі берген еді. Цитадель 7 ғасыр бойы Мысыр елінің билеушілері өмір сүріп, мемлекетті басқарған жер. Оның көлемі 18 гектарға жуық. Мұнда кезінде сарайлар, мешіттер, музейлер, әскери казармалар мен қоймалар орын тепкен еді. Дәл осы жерде де қыпшақ мәмлүктердің ізі қалған. Атап айтар болсақ, Ан Насыр Мухаммет сұлтан кезінде осында үлкен мешіт салдырған. Ол Бұқара мен Самарқандтағы ғимараттарға ұқсас, ирандық стильде салынған. Мұнда бес мыңға дейін адам сыяды. Бүгінде ол – Каирдегі көрнекті мәдени орындардың бірі.

Авторлары: Саят Жөкенұлы, Арман Данышбаев және Қуаныш Қожабеков

Хабар 24 телеарнасы