Отандық шығармалар әлемнің алты тіліне аударылады - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Отандық шығармалар әлемнің алты тіліне аударылады

Отандық шығармалар әлемнің алты тіліне аударылады

Елбасының бастамасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қаламгерлерінің шығармалары әлемнің алты тіліне аударылатын болды.

Тәржімамен әлемге танымал оқу орындарының мамандары айналыспақ. Шет тілдеріне аударылған шығармалар тек кітап түрінде ғана емес, электронды және аудио нұсқада шығарылады. Президент әкімшілігінің бастамасымен қолға алынған аударма жобасына қанша автордың еңбегі енеді?

Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылатын антологияның бірінші томы – прозаға, екіншісі заманауи поэзияға арналмақ. Әлем тілдеріне тәржімаланатын шығармалардың тізіміне тәуелсіздік жылдарында еңбек еткен қаламгерлердің шығармалары енеді. 500 беттен тұратын екі томдық кітаптың әрқайсысына 30 шақты автордың аты кірмек. Академиялық басылымдар әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтары, сондай-ақ кітапханаларға тегін таратылады. Ал нарықтық басылымдардың электронды және аудио нұсқалары да жасалмақ.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

- Шағындау, қалың оқырманға арналған нарықтық басылым дайындалады. Ол кітап сататын жерлер мен «Амазон» сияқты онлайн формалар арқылы жаппай сатылымға шығарылады. Нарық алып кететіндей, сол шетелдік оқырмандарға қызықты авторларды анықтауға септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл жерде сол авторлармен кездесу, сөзімнің басында айттым ғой, мәдени қарым-қатынасты нығайтып, оны кеңейту.

Бүгінде комиссия құрылып, жоба жетекшілері анықталған. Құрамында Президент әкімшілігінен бастап, Жазушылар одағының мүшелері де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аға буыннан 17 қаламгер, 45 жастан жоғары орта буын өкілдерінен 11 жазушы таңдалған. Поэзия жанрында жастарға да ден қойылған.

Әлібек Асқаров, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы:

- Жалпы біздің қазақ әдебиетіндегі бір үлкен орнын толтыра алмай жүрген келеңсіздік дейміз бе, кемшілік дейміз бе? Сол небір інжу-маржан жақсы шығармаларды шетелге таныту. Өзімізде ғана білеміз, шетелге таныту жағы өте ауыр, қиын жағдай еді. Соған байланысты осы Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазір үлкен қаламгерлер арасында серпіліс бар.

Қазақ авторларын аударумен Кэмбридж университеті, Германияда Гёте, ал Ресейде Пушкин атындағы институттың білікті мамандары айналыспақ. Испан тіліндегі антологиямен Сервантас, француз тілімен Француздар альянсы, ал қытай тілінде жарық көретін оқулықтарды Конфуций институтының мамандары аударады.   

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:

- Кітап таратудың, аударудың, шығарудың, насихаттаудың кәсіби адамдары – әдеби агенттіктер. Қазақстанда жұмыс істейтін алты тіл деп отырмыз ғой. Сол алты тілден алты агентті таба алсақ, олар сұмдық көмектескен болар еді.

Бірақ бұл бастама тек екі томмен шектелмейді. Президент Әкімшілігінің қолдауымен әрі қарай жалғасатын ауқымды шараның келесі аудармаларына осы жолы тізімге ілінбеген авторлардың шығармалары енгізіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған бір жыл көлемінде ондаған кітап өзге тілге аударылып, «100 жаңа есім» анықталды. Одан бөлек латын қарпіне көшу ұсынысы да қабылданды. Алдағы уақытта «Әдеби өлкетану» жобасы шеңберінде арнайы шығармашылық топтар құрылып, өңірлерге экспедицияға аттанады.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде