361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үздік өңірлік радиостанция жүлдесі кімге бұйырады?

  • 198

Медиа саласының үздіктерін анықтайтын «Үркер» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі жақындап қалды.

БАҚ өкілдерінің төл мерекесіне орайластырылған шараға қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Дәстүр бойынша кәсіби шеберлер биыл да 15 аталым бойынша анықталады.

Әр күні таңғы 07:00-де «Астана» радиосының жүргізушілері бас қаланың тұрғындарына қайырлы таң тілейді. Таңмен таласа жұмысқа асыққан жұрттың көңілін көтеріп, сәлем жолдайды. Әр сағат еліміздегі және елордадағы соңғы жаңалықтардан хабардар етеді. Сонау 1999 жылы жұмысын бастаған радионың бүгінде өз тыңдармандары бар. 

Жанат Қалықов, «Астана» радиосының музыкалық шеф редакторы:

- Біз кезінде дискілерді қойып отыратынбыз, іздейтінбіз. Ел ән сұрайды ғой. Олар сөйлеп жатқан кезде тез-тез іздейсің. Микрофонмен сөйлесіп жатасың, сосын барып қоясың. Ал қазір ештеңе керек емес. Бәрі компьютерде тұр. Рахат, қаншама қазақтың әншілері бар. Кезінде ойлайтынбыз қандай арман деп.

Медиаресурс заман талабына сай, сандық құрылғылармен жабдықталған. Нәтижесінде көшпелі студия форматында хабар таратуға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, биылғы «Үркер» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімінен тікелей эфирде хабар тарату жоспарланып отыр. Айтпақшы, «Астана» радиосы өткен жылы «Үркер премиясында топ жарған.

Кирилл Волков, «Астана» радиосының директоры:

- Интернеттің көкжиегі кеңейген заманда біз оны өз пайдамызға жаратуымыз қажет. Қоңырау шалатын тыңдармандарымыз қатары азайды деп айта алмаймын. Сазды бағдарламаларға қоңырау түсіп жатады. Сондай-ақ біз WhatsApp желісінде жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Бізге хабарласатын тыңдармандардың көпшілігі сонда хат жолдайды.

Радио ұжымы биыл да «Үркер» премиясына қатысып жатыр. Олармен бірге еліміздің әр өңіріндегі радиостанциялар бақ сынайды. Солардың бірі ­– Павлодар облысында хабар тарататын қазіргі «Халық» радиосы.  2015 жылдың 22 наурызына дейін «Павлодар» радиосы деп аталып келген медиаресурстың тарихы тереңде жатыр. Алғаш рет 1938 жылдың 16 наурызында тыңдарманға жол тартты.

Облыстық ақпараттық, музыкалық, ойын-сауық радиосы тәулік бойы үзіліссіз және демалыссыз хабар таратады. Бүгінде өңір халқының 90 пайызы «Халық» радионың тұрақты тыңдармандары. Ендеше осы аталымда кімнің бағы жанып, жүзден жүйрік шығатынын 28 маусымда өтетін «Үркер» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімінде білетін боламыз. 

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы