356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзге ұлт өкілдерінің домбыра үйренуге деген қызығушылығы артып келеді

  • 249

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шілденің алғашқы жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы шешімі төл мәдениетіміздің дамып, ұлттық рухымызды көтеруге ықпалы зор», – дейді музыка мамандары.

Қазір елімізде домбыраның құлағында ойнап, күй өнерінің құдіретін түсінетін жастардың қатары көбейіп келеді. Ұлттық аспапты ерекше қастерлейтін өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктер де аз емес.

Жасұлан Жолдасбай Алматыдағы университеттердің бірінде радиотехника мамандығы бойынша білім алады. Биыл ол бірінші курсты аяқтап отыр. Домбыра үйірмесіне бала күнінде анасы ертіп апарған. «Содан бері бұл аспап нағыз сырласыма айналды», – дейді Жасұлан.

Жасұлан Жолдасбай, студент:

- Домбыра маған бір жан досымдай. Ішімдегі сезімімді, түсінбейтін заттарды, ауызбен айта алмайтын заттарды мен домбырамен шығара аламын.

Махамбеттің күйлерін ұнататын Жасұлан өзі де күй шығарады. Былтыр мектеп бітіріп Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, 100-ден астам балл жинап грантқа түскен. Сол кездегі толғанысы мен қуанышты сәттерінің барлығы күйде өрнек табады.

Ал бұл – қазақстандықтарға Ақын Ақынұлы атымен жақсы таныс Андрей Фендриков. Ол Жүргенов атындағы өнер академиясын гитара класы бойынша бітірген.

Дегенмен домбыраға деген бала күнгі ынтықтығы оны танымал күйші Айгүл Үлкенбаеваның сыныбына жетелеп әкеледі. Қазір ол күй тартып қана қоймай, айтыстың мақамына салып өлең де шығарады.  

Андрей Фендриков, домбырашы:

- Қазір өзге ұлт өкілдерінің домбыраға деген қызығушылығы жақсы. Күй тартып отырғанымды көріп көптеген адамдар біз де ұл-қыздарымызды домбыра үйірмесіне берсек деп жатады. Осындай әдемі аспапты насихаттауға аз да болса үлес қосқаныма қуаныштымын.

Бүгінде Андрейдің репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет пен Қазанғап секілді дәулескер күйшілердің күйлері бар. «Ұлттық домбыра күнінің айшықталуы тек домбыраға емес, тұтас қазақ мәдениетіне жасалған құрмет», – дейді Андрей Фендриков.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы