352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолалық археологтар аймақта бұрын-соңды кездеспеген құнды жәдігер тапты

  • 221

Қоладан соғылған алқаны мамандар өңірдің СҚО-мен шекаралас аумағында, Есіл өзенінің бойында қазба жұмыстарын жүргізу барысында кезіктірген.

Оны осыдан 4 мың жыл бұрын ауқатты әйел таққан болуы мүмкін. Жалпы, биыл жергілікті археологтар өте олжалы. Себебі, жақында ғана Зеренді ауданындағы атақты Кеңөткел қорымында да қола дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер табылған болатын.

Кеңөткел қорымы соңғы жылдары аймақ археологтарын қуантып келеді. Былтыр да дәл осы жерден қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыстар мен әшекей заттар табылған еді. Енді, міне, жақында ғана алтын және қола білезіктер қазылып алынды. Мамандардың айтуынша, арада мыңдаған жыл өтсе де, әшекейлер жақсы сақталған. Болжам бойынша, бұл жерде ру басының әйелі жерленген болуы мүмкін. Жалпы, аталған қорымда 150-ден астам археологиялық нысан бар.

Серік Ысқақов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы:

- Осы қорғау-құтқару жұмыстары барысында 60-қа жуығы зерттелді. Жыл сайын 5-6 қорған зерттеледі. Яғни бұл жерде қола дәуірі бар, энеолит, неолит, орта ғасыр дәуірі ескерткіштері бар. Негізі Ақмола облысы осындай ескерткіштерге өте бай деп айтып кетуімізге болады.

Қазба жұмыстарына биыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері де атсалысып отыр. Олар қолға алған жоба, Есіл және Шағалалы өзендерінің арасын зерттеуді көздейді. Атақты археолог Виктор Зайбертпен біріккен экспедицияның алғашқы нәтижелері көңіл марқайтады. Себебі, қола дәуірінің ерте кезеңі, Петров мәдениетіне тиесілі бірнеше қола ыдыстың сынықтары мен басқа да ұсақ-түйек әшекей бұйымдардың бөліктері табылды. Ал олардың ішіндегі ең құндысы – қоладан соғылған алқа. «Дәл осындай жәдігер тап мұндай бүтін күйде ешқашан кезікпеген», – дейді мұражай мамандары.  

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері:

- Бұл археологиялық экспедицияның бір ерекшелігі – бұл экспедицияға арнайы қаражат бөлінбеген. Тағы бір ерекшелігі – бұрын-соңды кездеспеген мынадай бір жәдігерлер табылды. Осынысымен ерекшеленеді. Үшіншіден, жалпы бұл жоба 3 жылға қабылданғандықтан, Ақмола облысынан басталатын Есіл өзені тармақтарына дейін, Шағалалы өзінінің аралығындағы барлық археологиялық объектілерді зерттеу көзделуде.

Демек алдағы уақытта археологтар тағы көптеген жәдігерлерді жарыққа шығаруы әбден мүмкін. Жалпы, Ақмола облысында қазір 1700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар болса, олардың 976-сы археологиялық ескерткіштер.

Жалпы, аймақта табылған жәдігерлердің барлығы дерлік осы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады. Дәл қазір мұнда 3 мыңға жуық экспонат сақтаулы тұр. Ал олардың 1 мыңдайы осы археологиялық залда көпшіліктің назарына ұсынылған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы