359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда республикалық өлкетанушылар форумы өтуде

  • 306
Оралда республикалық өлкетанушылар форумы өтуде

Оралда «Жайықтың қасиетті жерлері» атты жоба аясында республикалық өлкетанушылар форумы өтіп жатыр.

Мақсат – Жайықтың қасиетті жерлерінің жүйелі түрде ғылыми зерттелуіне жол ашу, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау. Шара барысында республика өлкетанушылары, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» тізіміне енген «Жайық қалашығымен» танысты.

Орал қаласынан 12 шақырым жердегі ортағасырлық қаланың орны осыдан 16 жыл бұрын анықталды. Шартты түрде «Жайық қалашығы» атауын иеленген тарихи мекенді ғалымдар «Алтын Орда» кезеңімен байланыстырады. 13-15 ғасырларда «Ұлы Жібек жолының» бойында жатқан қалада қала мәдениетінің гүлденгенін, қолөнер мен сауда ісінің дамығанын қазба деректері дәлелдейді. Көне қалашықтың орнындағы театрландырылған көріністі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ұйымдастырды.

Ержан Нұрмағамбетов, Қарағанды тарихи-өлкетану музейінің басшысы:

– Біз қазақ хандығы тұсында дәл осы жерде ежелгі мәдени өркениеттің өркен жайғанына еш шүбә келтірмейміз. «Жайық қалашығы» аталатын осы тарихи-этнографиялық кешен – соның айқын дәлелі.

«Жайық қалашығы» – еліміздегі киелі деп танылған 100 мекеннің қатарына ірі орта ғасырлық тарихи орталықтар және қазақ хандығының астаналары санатымен енген. Ғалымдардың пікірінше, келешекте әйгілі Сығанақ, Қойлық, Сарайшық пен Созақ секілді қалашықтармен бірдей деңгейде зерттелмек. Бұған елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оң септігін тигізбек.

Нұршат Қалкенбаева, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:

– «Рухани жаңғыру» – өлкетанушылардың, ғалымдардың, музей мамандарының, тарихшылардың басын біріктірген еліміздегі алғашқы бағдарлама.

Аумағы 8 гектар болатын көне қала орнында тұрғын жайлар мен кірпіш күйдіретін және металл өңдейтін шеберханалардың орнын анықтады. Едені құбырлар арқылы жылытылатын монша да жұмыс істеген. Бұл – көшпенді өркениет өкілдерінің қала салуды меңгергеніне айқын дәлел. «Сондықтан бұл жерді келешекте туристік орынға айналдыру қажет», – дейді ғалымдар.

Айболат Құрымбаев, ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры:

– Жалпы осы жерде «Жайық ортағасырлық қалашығы» немесе «Жайық – алтын орда қалашығы» атты этнофестиваль өткізсек. Ат спортынан көріністер көрсетсек.

10 жыл бұрын ғалымдар бұл жерді аспан асты мұражайына айналдыруды ұсынған еді. Егер ұсыныс қолдау тапса, келешекте бұл жерде тұрғын үйлер, монша, кесене мен шеберханалар сол нақты табылған жерінде қайтадан бой көтермек. Туристерді тарту мақсатында демалыс орнын салу, нысан тарихынан сыр шертетін музей кешенін ашу да жоспардағы істер қатарында.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы