352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ұлы дала мұрасы» көрмесі Әзербайжан халқының қызығушылығын тудырды

  • 291

«Алтын адамның» Әзірбайжанға саяхаты аяқталып қалды.

Мамыр айында Бакуде ашылған «Ұлы дала мұрасы» көрмесі келесі айдан бастап өзге елдерге сапар шегеді.

Мамыр айынан бері Қазақстанның құнды тарихи экспонаттары Әзербайжан музейіне қойылған.  «Ұлы дала мұрасы» көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарының зор қызуғышылығын туғызды. Келушілер қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары мен мен киіз үй жабдықтарын тамашалап, көрменің басты жәдігері – «Алтын адамды» көруге мүмкіндік алды. Мамандар бұл көрмені музей тарихындағы ең елеулі оқиға деп атады.

Ганира Кафарлы, музей қызметкері:

- Келушілер біздің дәуірімізге дейінгі 8-ші, 4-ші, 3-ғасырларға тиесілі және біздің дәуіріміздің 19-шы ғасырындағы тарихи заттармен жақынырақ танысты. Көрмеге осы уақытқа дейін 2 жарым мыңнан  аса адам келді. Мұнда қойылған басты экспонат – 4 мың алтын бөлшектен тұратын сақ жауынгері, яғни алтын адам.

Көрмеге көздің жауын алатын алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар қойылды. Осы әшекейлер арқылы сол замандағы қыз-келіншектердің қоғамдағы орны мен беделін  анықтауға болады. Негізінен әйелдер көлемді білезіктерге әуес болған. Өйткені ежелгі наным-сенім бойынша адамның күш-қуаты қолында. Ал оны бойыңда ұзақ уақыт сақтау үшін білезік тағу керек деген түсінік қалыптасқан. Көрмені таныстырушылар қонақтарға әр жәдігердің шығу тарихын егжей-тегжейлі түсіндіріп жүр.

Александр Наджафов, қала тұрғыны:

- Өте керемет әсер алдық. Біз жазық даланы, Қазақстанды жақсы көреміз. Ұлы дала мәдениеті өте ауқымды, әдемі, жүрегімізге жақын.

Питер Данкартс, Бельгия азаматы:

- Бакудегі тарихи музейден Қазақстанның жоғары сапалы, ғажайып зергерлік бұйымдарын, кілемдер мен өнер туындыларын көру мен үшін тосын сый болды. Мен Қазақстанда әлі болған жоқпын. Бұл көрме осы елмен, оның мәдениетімен танысуға мүмкіндік берді.

Көрмеге Есік маңында табылған алтын бұйымдар жиынтығы мен 170-тен астам әшекей бұйымдар қойылған. Алтын адамды түрлі елге апарып, қазақ тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көрме ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Беларусь пен Ресейден басталған сапар, Әзербайжан мұражайында жалғасын тапты. Енді Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяға бару жоспарда бар. 2021 жылға дейін экспозиция әлемнің 12 елінде көрсетіледі.

Авторлары: Шафаг Әлиева, Айгун Хасан

Хабар 24 телеарнасы