369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақтың Моцарты Бейжің театрында өнер көрсетті

  • 188

Қазақтың Моцарты атанған Рахат-Би Әбдісағын Бейжің театрында өнер көрсетті.

Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы «9 сиқырлы нота» атты жобасы қорытындыланып, гала-концертке ұласты. Қытай жұрты ұйымға мүше елдерден келген музыка майталмандарының өнерін тамашалады. Олардың қатарында Шанхай сегіздігінен шыққан 8 үздік пианиношы бар. Өнерпаздар бұған дейін ұйымның бас штаб пәтерінде жеке-жеке концерт берген болатын.

17 жасында өз елінің мәдениет қайраткері атанған Рахат-Би Әбдісағын ШЫҰ басты өнер кешінде Қазақстанды таныстырды. Композитор, пианиношы және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Фредерик Шопеннің «№20-шы Ноктюрн до-диез минор» деген туындысын орындады. Бұдан соң Шыңғыс Айтматовтың әңгімесіне жазылған «Жыл құсының зары» атты өз шығармасын ұсынды. Өнерге шекара шектеу болмайды деген осы шығар. Гала-концертке жиналған дүйім жұрт жерлесіміздің өнерін тамсана тыңдады.

Рахат-Би Әбдісағын, композитор, пианиношы және халықаралық байқаулардың жеңімпазы:

– Бұл концерттің достық және ынтымақтастық тұрғыдағы маңызы зор. Шанхай ынтымақтастық ұйымы да осы идеяны паш етеді. Ал өнердің мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратыны сөзсіз.

Қытай жұртына Рахат-Би Әбдісағынды таныстырудың қажеті де жоқ. Бұл кеш шынайы өнерді бағалай білетін көрермен мен сол өнер үшін жанын беретін музыканттың қауышуы болды. Гала-концерттен тыңдармандар ерекше әсер алғанын айтады.

Ли Цзо, көрермен:

– Мен бүгінгі кештен тамаша әсер алдым. Қазақстандық пиониношы Рахат-Би Әбдісағынның пианинода шебер ойнайтыны таңғалдырды. Әсіресе, «Жыл құсының зары» атты өз шығармасын тыңдап, көзге еріксіз жас аласың. Мұндай өнер мерекесі халықтар мен мемлекеттердің арасын жақындастырады.

«9 сиқырлы нота» жобасы «ШЫҰ – біздің ортақ үйіміз» деп аталатын кешенді бағдарламаның аясында өткізіліп отыр. Ұйымға мүше мемлекеттердің өнерпаздары осыған дейін 8 камералық музыка кешін өткізді. Ал Рахат-Би Әбдісағын ШЫҰ достық рухын асқақтатқан ең жас композитор атанды.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы