352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде домбыра тартатын өзге ұлт өкілдерінің қатары артып келеді

  • 195

Елімізде домбыра тартатын өзге ұлт өкілдерінің қатары жылдан-жылға артып келеді.

Бірақ консерваторияға түсіп, кәсіби білім алып жүргендері көп емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, неміс жігіті Артур Таберт күйдің сиқырын кеңірек түсіну үшін жоғары білім алуды жөн көріпті. Қазір ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында домбыра класы бойынша оқып жүр.

Артур Таберт – Қарағанды облысының тумасы. Биыл ол консерваторияның бірінші курсын аяқтады. Домбыра үйірмесіне алғаш рет сегіз жасында барыпты. 

Артур Таберт, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

- Мен балабақшаға барғанда орыс группада орын болмады. Содан кейін мені қазақ группаға жіберіп, кейін мен мектепке түсіп, қазақ тілін үйрене бастадым. Сосын әкем ойланып, домбыраға берді мені, мен екінші класс оқып жатқанда.

Сөйтіп, жеткіншектің домбыраға ықыласы артып, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне түседі. Кейін күй құдіретін тереңірек ұғыну үшін консерваторияның домбыра класына тапсырады. Біз кездескен күні Артур ұстазы Әсел Алинадан Дәулеткерейдің «Құдашасын» үйреніп отыр екен. 

Әсел Алина, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

- Бұл жерде өте нәзік, өте ойнақы, жеңіл, сондай сүйкімді ойнау керек бұл күйді. Қане орта буынға түсіп көрші тағы бір рет. 

Кәсіби орындаушылықтың іргетасы әуелі дұрыс отыруды үйренуден басталады. Содан кейін, қол қою мәнері мен саусақтарды икемге келтіруге ерекше мән беріледі.

Әсел Алина, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

- Мына дәстүрлі күйлерді ойнаған кезде, мен саған қалай үйреттім басында? Қалай қайту керек? Мысалы, басбармақпен қайту керек. Дұрыс айтасың.

Оқу бағдарламасы біртіндеп күрделене береді. Консерватория түлегі қазақтың күй мектептерінің барлығын меңгеріп, төкпе күй мен шертпе күйдің қай-қайсысын да шебер орындайтын дәрежеге жетуі тиіс.   

Артур Таберт, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

- Домбыра – ол ішкі сезімді бере алады. Ол, мысалы, адам домбырамен көп нәрсені жеткізе алады. Сөйлемей-ақ. Құрманғазының күйлері ұнайды маған, Динаның күйлеру ұнайды, Тәттімбеттің күйлері ұнайды.

Артур өзінің болашағын өнермен байланыстырады. Қазақтың көне аспабын жанына серік еткен неміс жігіті ел ықыласына бөленген домбырашы болсам деп армандайды.     

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы