352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сырбойылық күйші ұлттық музыканы ұшпаққа шығаруды көздейді

  • 197

Үкілі домбыраны ұрпаққа аманаттау – әр қазаққа парыз.

Сырбойылық шебер Ақтай Рыспанбетов осы ұстанымынан айнымай келеді. Ал ұлы күйшілердің ізін жалғаушы Әділбек Тәшімов ұлттық музыканы ұшпаққа шығаруды көздейді.

Ағаштан түйін түйген Ақтай шебер Шиелі ауданының Бестам ауылында тұрады. Алыстағы алақандай мекенге оны іздеп барушылар көп. Өйткені шебер туындылары өңір өнерпаздарының оң бағасын алып үлгерген. Ол ұлттық музыкалық аспаптардың бірнеше түрін жасағанымен, көбісі домбыраға тапсырыс береді екен.  

Ақтай Рыспанбет, шебер:

- Қазақстанда шеберлердің бәрінің шетелден ағаш әкелуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан «неге өзіміздегі ағаштарды пайдаланып, оны зерттеп көрмейміз?» деген ойға келіп, сол ағаштарды зерттеу үстіндемін. Негізінен менің өнімдерім осы жергілікті жердің жиде деген ағашы болады. Одан кейін жергілікті жерде қара ағаш деген ағаш болады. Сосын өзімізде үйеңкі, жаңғақ ағаштарын алдыртып, оны зерттеп, одан да осы домбыра жасаумен айналысып келе жатырмын.

Ауласындағы шеберханада ол айына 3-4 домбыра жасайды. Бірақ санынан көрі сапасына мән береді. Оның мақсаты да айқын. Түрлі байқауларға қатысып, жүлде жинау емес, ауыл жастарының ішінен табиғи қоңыр үнді сақтай алатын шеберлер дайындау. 

Шиелінің тағы бір тумасы – Әділбек Тәшімов. Ол Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік оркестрінде 10 жылдай домбырашы болған. Ұлттық аспап сырын жақсы біледі. Оған бұл домбыраны демеушілер сыйлаған. Алматылық шеберге арнайы жасатыпты. 6 жасынан қос ішектің құдіретін бойына сіңіруге талпынған талапты өреннің өмірлік жетістіктері де өнерден келді.

Әділбек Тәшімов, үйірме жетекшісі:

- Біраз мемлекеттерде болдық. 1983 жылы 22 желтоқсанда болған Құрманғазы атындағы күйшілер сайысының бірінші орын жүлдегерімін, Нұрғиса Тілендиев атындағы конкурстан үздік номинация жеңіп алдық. Аллаға шүкір, Алланың берері таусылмасын. Сондықтан осындай қара домбырамен елде қызмет жасап, шет мемлекеттерде өнер көрсетеміз деген ойларымыз бар.

Көңіл толқытар бұл әуен – туған жерге деген сүйіспеншіліктен туған толғаулы күй. Авторы – Әділбек Тәшімовтің өзі. Үлкен сахналарда көрерменнің көзайымына айнала білген ол отбасының жағдайына байланысты соңғы жылдары туған ауылына оралды. Мұнда да қол қусырып қалған жоқ, өнерлі балғындардың басын қосып, оркестр құруға ниетті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы