352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Славян базары» фестивалінде алғаш рет Қазақстан күндері өтті

  • 478

Беларусьтің Витебск қаласында өтіп жатқан «Славян базары» халықаралық музыкалық фестивалінде қазақ өнерпаздарының шоқтығы биік.

Биыл әлемге әйгілі өнер додасы тарихында алғаш рет Қазақстан күндері өтті.  Осыған орай шаһарда гала концерт ұйымдастырылды. Оған жиналған халықтың көптігінен залда ине шаншар жер болмады дейді көпшілік. Халықаралық шараның  алғашқы күндері жерлесіміздің жүлделі орынға ие болғаны да белгілі болды. 

«Славян базары» фестивалі ашылғанға дейін Витебскіде Қазақстанмен байланысты ауқымды шара өтетіні белгілі болды. Себебі еліміздің желбіреген көк тулары мен түрлі жарнамалардан Ұлы дала өнерінің концерті өтетіні хабар беріп тұрды. Әйгілі фестиваль балалардың ән байқауымен басталды. Онда Қазақстанның намысын 7 жасар Әбілқайыр Жұмабай қорғады. Сайыскерлердің арасындағы ең кішкентайы да Әбілқайыр. Бірақ қазылар балаларды жасына қарай емес салған әні мен шеберлігіне қарай бағалады.

Қалбибі Абдуллаева, вокалдан мұғалім:

- Әрине шараға көп дайындалдық. Бағдарламамызға ұлттық әнді алдық. Одан кейін ағылшын тілінде ән айту қиындау болғандықтан итальян әнін таңдадық.

Байқауда кішкентай Әбілқайыр әлемнің түкпір-түкпірінен келген 20 елдің үміткерлерімен сайысқа түсті. Екі күнге созылған тартысты байқаудың нәтижесінде бас жүлдені Украинаның өкілі еншіледі. Ал біздің жас әншіміз үшінші орын иеленді.

Зара, әділқазылар мүшесі, РФ Еңбек сіңірген әртісі:

- Керемет. Барлығы дарынды, талапты жастар. Сахнада өнер көрсетуді жетік түсінген, әнді қалай айту керектігін біледі. Олардың балғын бірақ күшті шабытын көруге болады. Мен олардың ішінен үең үздік деген 5-6 баланы таңдап та қойдым. Сіздің елдің өкілі өте жақсы өнер көрсетті.

Қазақ елінің гала концертіне келген қонақтарды алып батырлар күтіп алды. Шара өтетін залдың әрбір бұрышынан ұлы даланың лебі есіп тұрды. Көрермендерге ұлттық тағамдар ұсынылып, киімдер көрсетілді. Бірақ басты шара еліміздің жұлдыздары мен эстрада шеберлері қойған концерт.

Польшадан келген көрермен:

- Мен Польшадан келдім. Сайыстың алғашқы күні сіздердің кішкентай қатысушыларыңызды тыңдап, таң қалдым. Біздің елде Димаш өте танымал. Бірақ мына концерттен кейін Қазақстан дарындарға бай екеніне көзім жетті. Сіздің еліңіздің өнері жанымды баурап алды. Өте керемет.

Сахнаға Димаш шығып еді, жиналған қауым әншіні ұзақ қол шапалақтап, ықыласпен қарсы алды. Ол бірнеше жыл бұрын дәл осы сахнада байқауға сайыскер ретінде қатысып, бас жүлдені иеленген. Беларусь, Ресей, Польша, Англия және Франциядан келген әншінің табынушылары Димашты сахнаға қайта-қайта шақырып, шараны ұйымдастырушылардың концерт бағдарламасына өзгерістер енгізуіне тура келді.

Димаш Құдайберген, әнші:

- Беларусьтердің біздің концертімізді ұйымдастырғанына шын жүректен алғысымды білдіремін. Бірнеше жыл бұрын Славян базарында өнер көрсеткен елдің халқымен қайта қауышу мен үшін үлкен бақыт.

Ал алда әлемдік әртістердің жаңа байқауы. Биыл еліміздің намысын Әміре қорғайды. Оның танымал мюзиклдардан алынған ән толғаулары мен ариялары көрермен қауымның көңілінен шығып, жүлделі орынға ие болады деп сенеміз. 

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы