359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияда Ұлы дала елін сипаттаған туындының тұсаукесері өтті

  • 251

Британиялық жазушылардың Ұлы дала елінің тарихына деген қызығушылығы артып келеді.

Дүкен сөрелерінде және онлайн саудада «Томас, Люси және Алатау: Аткинсондардың Сібір және Қазақ даласындағы бастан кешкендері» атты биографиялық кітабы пайда болды.

Кітап ержүрек ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон туралы жазылған. XIX ғасырда ол жұбайы Люсимен жеті жыл, жеті ай бойы сапарлатып, Сібірде және Ұлы дала елінде болған. Аткинсон қойын дәптеріне табиғат көріністерін бейнелеп, жергілікті халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрі жайлы түртіп отырған.

Саяхат кезінде Аткинскондар ұлды болып, есімін жергілікті тау мен бұлақтың құрметіне Алатау Тамшыбұлақ деп қояды. Кітап авторы, британиялық жазушы, фотограф әрі саяхатшы Джон Масси Стюарт бұл туралы шығармасында кеңінен баяндайды.

Джон Масси Стюарт, кітап авторы:

- Бұл кітапты жазу үшін мен бірнеше жыл бой зерттеу жүргіздім. Міне, енді оны басып шығарудың сәті туды. Туындыны кітапсүйер қауым жоғары бағалайды деп ойлаймын. 

Тұсаукесерге Корольдік географиялық қоғамның мүшелері, іскерлік және академиялық ортаның, сонымен қатар Біріккен Корольдік қауымдастығының өкілдері мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов қатысты. Қонақтар қатарында Атскинсондардың ұрпақтары Стив Браун және Пеппа Смит те болды.

Пеппа Смит, Томас Аткинсон ұрпағы:

- Менің қызым 10 апта бұрын ұлды болды және оның есімін Алатау деп қоюды ұйғарды. Егер адамдар неге олай деп сұрайтын болса, сәбимен аттас арғы атасы Қазақстанда туған деп үлкен мақтанышпен айтатын боламыз.

Айта кету керек, бұл – саяхатшылар Томас және Люси Аткинскондар туралы жазылған екінші кітап.  2015 жылы британиялық журналист Ник Филдингтің «Ұлы даланың оңтүстігіне қарай: Томас және Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты» атты кітабы жарыққа шыққан болатын.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы