359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықаралық «Жезкиік» фестивалі Жезқазған қаласында жалғасын тапты

  • 264

Классикалық музыка кешінде әлемге танымал опера жұлдыздары ән шырқап, мысты өңірдің жұрты жауһар жырларға сусындады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлытау баурайында этномузыка концерті мен туристік форум ұйымдастырылған болатын.

Концерттің шымылдығын қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова ашты. Бұл кеште сондай-ақ алыс және жақын шет елдерден шақырылған 20-ға жуық әнші өнер көрсетіп, дүние жүзінің ең таңдаулы классикалық туындыларын орындады. Жауһар өнерге шөлдеген жұрт операны үш сағат бойы тапжылмай отырып тыңдады.

Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның халық әртісі:

– Осындай концерттер әрине керек. Сол арқылы қарапайым халыққа опера музыкасын насихаттаймыз.

Классикалық музыка кешіне арнайы келген австриялық өнер жұлдызы Анна Райан асқақ дауысымен Арқа жұртын тәнті етті. Әлемдік үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген опера әншісі «Жезкиік» фестиваліне қатысуға бірден келісім берген. 

Анна Райан, сопрано дауысты әнші /Австрия/

– «Жезкиік» фестиваліне қатысуға ұсыныс түскенде, бірден келістім. Себебі мен Қазақстанда бұрын болған емеспін. Өте өнерлі, қонақжай халық екен. Әншілері бірінен-бірі өтеді. Ал Ұлытаудың табиғаты қандай керемет. Алған әсерімді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Айта кету керек, концертті өткізу үшін арнайы Кеңгір су қоймасының жанынан ашық аспан астындағы амфитеатр салынған. Екі мың көрермен сиятын залда бұл күні жұрт иін тіресті. Кеш соңында қала тұрғындары мерекелік отшашуды тамашалады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асаинов

Хабар 24 телеарнасы