352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады

  • 380
«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады

«Анаға апарар жол» фильмінде еліміздің танымал актерлері Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен.

Бұл эпикалық фильмнен көрермен қазақ отбасысының 1930 жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкенін көре алады.

«Продюсерлерімізге, түсірілім тобымызға және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп, ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын», ̵  деді бұл турасында режиссер Ақан Сатаев.

«Біздің компания бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үстіне «Оскар» премиясына ілгеріде ұсынылған терең драманы прокаттауды мақтан санаймыз», ̵  деген «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясының бас директоры Пол Д. Хэнкок сөзін былай деп жалғастырды: «Америкалық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жанға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді».

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ (ірі мегаполистерге де) шектеулі прокатқа биыл күзде түрлі қазақстандық және азия-америкалық ұйымдардың қолдауымен шығады. 

Айта кетелік, «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесері 38-Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Сонымен қатар фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өткен. Соңғысы 19 шілде күні Вашингтондағы Карнеги институтында Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Хабар 24 телеарнасы