352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда өтіп жатқан «Ұлы дала елі» этнофестивалі үш күнге жалғасады

  • 279

Ертістің оң жағалауы Павлодар-Астана тасжолының бойы үлкен ауылға айналған.

Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған кең ауқымды шараны Павлодар халқы үш күн бойы тойлайды.

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova:

– «Ұлы дала елі» этнофестивалі биыл даңқты жерлестеріміздің мерейтойларымен тұспа-тұс келді. Облыс жуырда ғана Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын, Естай Беркімбаевтің 150 жылдығын, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығын атап өткен болатын. Ал қыркүйек айында Мұса Шормановтың 200 жылдығы тойланады. Фестивальдің бірінші күнінде осы тұлғалардың есімі берілген мекемелер ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырды. Бүгін Ұлы дала елі этнофестивалінің басты мерекелік шаралары өтіп жатыр. Ертіс қойнауын думанға бөлеген ерекше мерекені тамашалауға келген халықта сан жоқ. 100 шақты киіз үй тігілген.

Фестиваль қонақтары үшін әсерлі сәттер өте көп деуге болады. Шарада арқан бойымен жүретін өзбек әртістері, қырғыз садақшылары өнер көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық ойындар да ұмыт қалдырылмайды.

Ардақ Райымбеков, облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі:

– Фестивальді өткізуге тамылжыған табиғат аясы, Ертістің қойнауы таңдалған. Бұл жер бір жағынан қала тұрғындарының қоғамдық көлікпен қатынауына қолайлы. Халық мерекелік шараларды тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татады. Павлодар облысы кезінде сауда орталығы болғанын тарихтан білеміз. Бүгінгі мерекеде атақты Қоянды жәрмеңкесі театрландырылған қойылым ретінде көрсетіледі.

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova

– Ертіс бойындағы дүбірлі думан ертең де жалғасады. Қала жұртшылығы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрының ашық аспан астындағы «Көмекей әулие – Бұқар жырау» атты спектаклін тамашалайды. Сонымен қатар ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, шеберлер қалашығы жұмыс істейді.

Хабар 24 телеарнасы