356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлықтар қола дәуіріне саяхат жасады

  • 217

Қостанай облысының Лисаков қаласында ежелгі технологиялар мен мәдени коммуникациялардың бірінші халықаралық фестивалі өтті.

Онда қола дәуіріндегі адамдардың тұрмыс-салты, қолданған бұйым-заттары көпшіліктің назарына ұсынылды. Тарихи шараға Қазақстан мен Ресейдің археолог-ғалымдары қатысты.

Ұлы даланың мәдени мұрасын зерттеушілердің Жоғары Тобыл жағалауында бас қосуы тегін емес. Себебі, қола дәуіріндегі тайпалардың көптеген тұрақтары мен ескерткіштері осы маңнан табылған. Отыз жыл бұрын басталған қазба жұмыстары мүнда әлі жалғасып жатыр. Андронов мәдениетіне жататын құмыра ыдыстар, қару-жарақ, тұрмыстық құралдар, әшекейлер жергілікті музейден орын алған. Осы фестивальдің логотипі есебінде алынған белдіктің алтын айылбасы – мұндағы құнды жәдігерлердің бірі.

Шынар Ермағанбетова, Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейінің директоры:

- Белбеудің құралы туралы айтсақ, онда бұл алтын біздің алтынға ұқсамайды. Бұл – басқа жерден, басқа елден әкелінген зат. Бұл заттарға қарағанда елдердің арасында сауда байланыстары болған.

Қола дәуіріндегі тайпалардың күнге табыну рәсімі. «Металл қорытып, өндірісті игере бастаған, дән егіп, егіншілікті үйрене бастаған көне адамдардың күнге, отқа тәу етуі түсінікті жайт», – дейді зерттеушілер.

Мынау сол 4 мың жыл бұрын қола дәуірінде қолданылған өндірістік пеш. Мынандай үрлегішпен дем берген кезде қызу 1500 градусқа дейін жеткізілген. Осы пеште қоланы қорыту арқылы оны қалыпқа құйып, жебенің ұшы, басқа да қару-жарақ құралдары жасалынған.

Фестиваль аясында адамзат баласы алғаш металды қалай өңдеп, тоқыма матаны қалай дайындағандығы нақты іс жүзінде көрсетілді. Көпшілік біле бермейтін ертеден келе жатқан ырым-жоралғылар жайында да айтылды.

Айман Қадырханова, Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейінің ғылыми қызметкері:

- Негізі  киіз жасағанда тілі бар келіншектерді жібермеген. Неге десеңіз, тілді адам болса, киіздің бір шеті ұзын болып кетеді деген түсінік болған.

Ашық аспан астында өткен тарихи шарада кез келген адам сол бір кезеңнің киімдерін киіп, құралдарын қолданып көру мүмкіндігіне ие болды. Ұйымдастырушылар осындай фестивальді дәтүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы