352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш қойылды

  • 438

Шығыс Қазақстан облысында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына тағы бір зәулім ескерткіш қойылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай ауданының 90 жылдығы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған мәдени шаралар көпшіліктің рухын көтеріп, мерейін үстем етті. Жас ұрпақ бабалар мұрасын дәріптеп, жалынды жырлар оқыды. Қазақ елінің ұлы тұлғаларына лайықты құрмет көрсетіліп, мерейтой соңы ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыс пен гала-концертке ұласты.

Қоладан құйылған еңселі ескерткіштің биіктігі – 8 жарым метр. Жас мүсінші Нұрбол Қалиев бұл туындысына жарты жыл уақытын жұмсапты. Осы кезеңде бұрынғы ескерткіштер мен данышпан ойшылдың шығармаларын ден қойып зерттегенін айтады. 

Нұрбол Қалиев, ескерткіш авторы:

- Бір қарағанда күрделі емес секілді болып көрінеді. Бірақ өте күрделі тақырып. Абай атамыз – жарық жұлдызымыз. Келесі ұрпаққа адастырмай, осындай кітаптың арқасында, білімнің арқасында тек қана еңбекпен жететіндігі деп соны көрсетіп тұрғандай қылып жасауға тырыстық.

Өз елін білім мен ғылымға шақырып, ұрпағына өлшеусіз мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы да лайықты аталып өтті. Ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жас ұрпақ оның жырларын құлаққа сіңірді. Ал Орталық стадионда ұлы тұлғаның өмірі жайлы сахналандырылған көріністер көпшілік көңілін нұрландыра түсті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хаты оқылды.

Нұрлан Зиятов, Шәкәрімнің шөбересі:

- Қазақ елі, әсіресе Семей елі атамыздың қалдырып кеткен мұрасын көтеріп, дәріптеп, қазіргі өсіп жатқан ұрпаққа жеткізіп жатыр, соған бәріміз жүрегімізбен қуанамыз.

Нұрбек Әбәділов, Шәкәрімнің жиені:

- Шәкәрім атамыз айтқандай, «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, Ақжолдан айнымай, ар сақта, оны біл. Талаптан да өнер мен білім үйрен, Білімсіз өнерсіз болады ақыл тұл» демекші, осы жастарды білімге, өнерге шақыру – біздің міндет, біздің парыз.

Абай ауданының халқы 90 жылдық мерейтойларын еселі еңбек, нәтижелі табыспен қарсы алып отыр. Бүгінде мал шаруашылығы қарқынды дамып, жаңадан ашылған әлеуметтік нысандар халық игілігіне қызмет етуде. Ақын өсиетіне адал ұрпақ, ең бастысы, береке мен бірлікті туып етіп келеді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы