359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да балалар Ақбауыр тарихи археологиялық кешеніне саяхат жасады

  • 216

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандардың тарихи орындармен танысуына септігін тигізіп жатыр.

Шығыс Қазақстанда бір топ мүгедек балалар мен олардың ата-аналары Ақбауыр тарихи археологиялық кешеніне саяхат жасап, киелі жерді аралап шықты. Ұлан ауданында орналасқан бұл кешен бүгінде өлкедегі танымал орындардың бірі.

Бұл аймақта қойнауы тарихи сырға толы Ақбауырды білмейтін жан жоқ. Археологиялық кешеннің құпиясы көп. Басында ежелгі аспан обсервоториясының алаңқайы сақталған. Тау-тасы петроглифтерге толы. Бұл жерге алғаш рет табан тіреген Максим Барсуковтың таңданысында шек жоқ. Мүгедек жанға өрге шығу оңайға тимесе де келгеніне риза.

Максим Барсуков, мүгедектерге арналған жартылай стационар тәрбиеленушісі:

- Бұл жердегі жартастар ерекше ұнады. Жоғары жақта жүрек пішінді саңылау бар екен. Ол жерде тілек тілеуге болады. Тасқа қашалған ежелгі суреттер де өте көп екен.

Ерекше туристердің бірі Юрий Завалишин Ақбауырдың әрбір тасын ықыласпен тамашалады. Тіпті айрықша ұнағандарын бейнекамераға түсіріп, өзге достарына көрсетпек.

Юрий Завалишин, мүгедектерге арналған жартылай стационар тәрбиеленушісі:

- Бұл жерде біз бір-бірімізбен араласып бір серпіліп қалдық. Белсенді өмір көңіл-күйімізді де көтерді.

«Саяхаттың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастарды қоғамға бейімдеп, өлкемен танысуға жағдай жасау», – дейді ұйымдастырушылар.

Мағиза Мирвазетдинова, мүгедек әйелдер қоғамының төрайымы:

- Біздегі бұндай ерекше балалар қазір өздерін еркін ұстауға үйренген. Қоғамдық көлікте жүруге қорықпайды. Көпшілік ортасына шығудан да жасқанбайды.

Ақбауырды аралаған жастар өлкедегі өзге де киелі орындарды өз көздерімен көргісі келетіндерін жасырмады. Сондықтан болашақта бұндай саяхаттарды жиірек өткізу жоспарланған.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы