363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-дағы Ботай қонысынан мың артефакт табылды

  • 209

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетін зерттеуге Ұлыбританияның археологтары келді.

Олар қазақстандық ғалымдармен бірге тарихи тұрақтан табылған сүйектердің сырын ашып, ежелгі адамдардың шығу тегін анықтайды. Биыл «Қазақстанның киелі жерлері картасына» енген қоныстан не табылды?

Бүгін археологтар жауын-шашыннан қазба жұмыстарына шыға алмады. Оның орнына олар осы бөлмеде сүйектерді зерттеп-зерделейді. Биыл Ботай тұрағынан 1 мыңдай артефакт табылды.

Алан Оутрам – Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің профессоры. Ол 10 жылдан бері студенттерімен Ботай қонысына келіп, ғылыми талдау жұмыстарын жүргізеді. Биыл олар тұрақтан табылған адамның жақ сүйегін зерттеді.

Алан Оутрам, Эксетер университетінің профессоры /Ұлыбритания/:

- Бұл адамның үшінші ақыл тісі шықпаған. Шамамен 11 жасар бала болуы мүмкін. Әзірге оның жынысын анықтай алмаймыз. Ботай қонысында жылқының қалдықтары өте көп зерттелді. Енді адамның сүйегін терең талдау керек.

Ботай  – адамның алғаш атқа қонып, жабайы жылқының жүгенделген жері. Дала өркениетінің өріс алған өңірі. Оның сырын ашқан археолог Виктор Зайберт биыл 38-қазба маусымын жүргізіп жатыр.

Виктор Зайберт, археолог:
- Осы жылы Ботай қонысының ашық аспан астындағы мұражай-қорығы салына бастайды. Бұл – ел тарихи үшін үлкен жетістік. Өйткені ежелгі қонысты көремін деушілер өте көп. Оған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жол ашып отыр.

Ботай мәдениеті «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген. Биыл оның қазба жұмыстарына 100-ден астам адам атсалысты. «Жердің асты әлі де тұнып тұрған тарих», – дейді археологтар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы