359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украина радиосында «Менің Қазақстаным» бағдарламасы жарыққа шықты

  • 313

Украинадағы қоғамдық интернет радио желісінде қазақ елі жайлы ақпарат таратылатын болады.

«Менің Қазақстаным» деген атау берілген радиоөнім Киевтегі қазақ диаспорасының ұйытқы болуымен жарыққа шықты. Бағдарлама тұрақты түрде әр сәрсенбі сайын эфирге шығады және бұдан былай қазақ тілінде тарамақ.

«Отчизна» деп аталатын Украина қоғамдық интернет радиосының әлем бойынша жиырмаға жуық елінде он мыңнан астам тыңдаушысы бар екен. Жарты жыл бұрын ғана жұмысын бастаған желі ақпараттық-танымдық, мәдени, қоғамдық және құқықтық бағытта бағдарлама таратады. Бастапқыда радио әлемнің әр жерінде жүрген Украина азаматтарына ғана арналған еді. Бертін келе Украинада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де эфир уақыты бөлініп отыр. Бүгін, міне, радиода «Менің Қазақстаным» жобасы алғаш рет эфирге шығып, қазақ тілінде ақпарат таратылды. Тікелей эфирде ұлттың ұлы ақыны Абайдың өлеңі оқылды.

Марик Жангутинов, «Менің Қазақстаным» жобасының авторы және жүргізушісі:

- «Менің Қазақстаным» жобасы тұрақты түрде шығып тұратын болады, бүгінгі эфир танымдық бағытта өтті, келесі кезекте біз қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен еліміздегі соңғы жаңалықпен де бөлісіп отырмақмыз. Украина мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс жайлы да ақпарат айтылады. Алдағы уақытта Украина жеріндегі танымал қазақ азаматтары: оның ішінде музыкант және спорт саласында айтарлықтай жетістікке жеткен қазақ жерлестеріміз жайлы мәлімет айтып, эфирге қонаққа шақыратын боламыз.

Бағдарлама талабына сай алдағы уақытта Қазақстандағы соңғы жаңалық, айталық, латын қарпіне көшу, білім жүйесіндегі жаңалық, Қазақстанның туристік әлеуеті жайлы да әңгіме өрбімек. «Отчизна» радиоасын құраушы және оның аға редакторы Иван Кокуцаның айтуы бойынша, мұндай бағдарлама Украина-Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты арттыруға сеп болады.

Иван Кокуца, «Отчизна» интернет радиосының аға редакторы:

- Біз Украинада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін біліп және оны сыйлап үйренуіміз қажет. Украинадағы қазақтар не болмаса Қазақстанда өмір сүріп жатқан Украина азаматтары жаңалықты естіп, отандастары жайлы ақпаратпен танысып отырса, қандай жақсы. Мұндай эфир халықтар арасындағы сыйластық әрі жылы қатынасты орнатуға сеп болады деген сенімдемін.

«Менің Қазақстаным» жобасының эфир уақыты – 45 минут. Әр серсенбі сайын Киев уақыты бойынша сағат 5-те, ал Астана уақыты бойынша сағат кешкі 8-де эфирге шығып тұрмақ.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы