352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да батырлар көзін көрген жәдігер ғимараттардың тозығы жетіп тұр

  • 99

Сан жылдық тарихы бар мұндай ғимараттар ел ішінде аз емес. Оларды көздің қарашығындай сақтау парыз.

Айталық, Батыс Қазақстан облысында 2 мыңнан астам тарихи мәдени нысан бар. Соның бірі Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылындағы шағын музей. 2 ғасырлық тарихы бар ғимаратты ауыл тұрғындары жамап-жасқап, өз күштерімен ретке келтіріп алған.

Кемінде 200 жылдық тарихы бар бұл ғимараттың аман қалуына мектеп аумағында  орналасуы себеп болған. Кейін жанашыр жандардың көмегімен жөнге келтіріліп, музейге айналады. Осы игі істің басы қасында жүрген Жәнібек Әбілпейісовтің айтуынша, ауылда мұндай тарихи ғимараттар баршылық. Солардың бірінің жертөлесінде ұлт-азаттық күрес қаһармандары Махамбет пен Сырым батырлар уақытша қамауда болған деген де дерек бар.  Өкінішке орай, бұл үйлердің көбі қараусыз қалғандықтан жойылып біткен. Ал музейге айналғаны солардан қалған жалғыз жәдігер.     

Жәнібек Әбілпейісов, өлкетанушы:

-  Енді бұл ғимарат көне, патша заманынан қалғандықтан ешқандай жөндеу көрмегендіктен төбесінен тамшы кетіп көктемде қар еріген кезде көп қиыншылық көреміз. Сыртында әлі 2-3 бөлме, түрмеге лайықты жертөле қараусыз тұр. Олар жылдан жылға ескіріп, құлап бұзылуда. Осылардың барлығы егер  жөнделсе менің қол астымда 4-5 бөлме болып, мен үлкен бір өзімнің о бастағы ойған алған тарихи тұлғаларды насихаттауды жүзеге асырар едім деп ойлаймын. 

Ғимаратының өзі тарих тұнған музейде 600-дей жәдігер жинақталған. Соның ішінде кезінде  жайықтан бекіре балығын аулаған мына секілді бұйымдары назар аударарлық.     

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

 - Атамекен ауылындағы «Жерұйық» атты музейде қазақтың бес қаруын кезіктірдік. Жез дулығасы, шашақты найзасы, қалқаны, қазақтың қайқы қылышы, садағы, сауыт-сайманы. Менің басымдағы дулығаны және найзаның ұшын өңірімізге белгілі шеберлер жасаса, ал үстімдегі кіреуке сауытты мектеп оқушылары жасаған екен.  

Батыс Қазақстан облысында күні бүгін 2153 тарихи мәдени және сәулет ескерткіштері бар. Соның  2 мыңға жуығы жергілікті, ал 16-сы республикалық маңызды ескерткіштер санатынан. 

Асылханым Жаркемәлиева, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекциясының инспекторы:  

- Атамекен ауылында тарихи ғимарат бар екенін білеміз.  5 жыл сайын осы тарихи ескерткіштер тізімі жаңартылып отырады. Сол бойынша комиссия құрылыады, сол комиссия шешімінде қабылданса бұл ғимаратқа да тізімге енгізіп жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін.  

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасына өңірден 47 нысан енген. Олардың қатарында Бөкей ордасы тарихи кешені, Жайық қалашығы, Тақсай қорғаны мен қазақтың көрнекті ойшыл ақыны Ғұмар Қараш жерленген орын секілді нысандар бар.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы