352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда ІІ Халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті

  • 131

Ақтаудағы теңіз жағалауында Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды.

Шараға қатысуға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстаннан 8 театр ұжымы өтініш білдірген. Биылғы фестиваль қазақ киносы мен театрының саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналып отыр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Халықаралық фестивальдің ашылу салтанаты жаңа салынған жағалауда өтіп жатыр. Жаңа алаңда бір мезгілде 1 мың өнерпаз өнер көрсете алатын үлкен амфитеатр ашылған болатын. Алып дала сахнасының ұзындығы – 74, биіктігі – 10 метр. Бұл сахнаны алыстан 25 мың адам тамашалай алады. Санаулы минуттардан кейін фестиваль қонақтары мен қатысушылары қызыл кілеммен жүріп өтіп, сахнаға көтерілмек.

Жалпы бұл халықаралық шараға 200-ге жуық қонақ келген. Фестивальге шетелдің өнерпаздарынан бөлек, еліміздің 3 театр ұжымы қатысады. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры мен Ақмола және Маңғыстау облыстық драма театрларының әртістері өнер көрсетеді. Театрлар репертуарында ұлттық және әлемдік классиканың үздік туындылары бар. Бүгіннің өзінде ақтаулықтар Татарстан мен Иранның өнерпаздары қойған «Ібіліс» пен «Алыстап кеттің сен менен» атты қос трагедияны тамашалады. Қойылымдар әр елдің өз тілінде қойылды.

Шалали Кутси, хореограф /Иран/

– Ақтаулық көрермендер бізді ерекше қошеметпен қарсы алды. Біз де оларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысып, үздік қойылымымызды алып келдік. Бұл фестиваль өнерпаздарды алға қарай дамуға жетелеп, Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығын арттыруға ықпал етпек.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Бұл фестиваль – өнердің, достықтың мерекесі. Сондықтан да театр ұжымдары өзара жарыспайды, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Жақынырақ танысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы аталған шараны Түрікменстанның Түркіменбасшы қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Авторы: Гүлмира Әбішева

Хабар 24 телеарнасы