Голливудты бағындырған каскадерлердің марапаты елге жетті

Кино саласында «каскадерлік Оскар» саналатын «Таурус» сыйлығы Алматыға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылдың күзінде Жайдарбек Күнғожинов жетекшілік ететін «Nomad Stunts» тобы әлемдік каскадерлар академиясының «Таурус» сыйлығына ие болған еді. Коронавирустың кесірінен марапаттау рәсімі онлайн форматта өткен. Араға біраз уақыт салып, қола мүсін жеңімпаздарға табыс етілді.

Бұл сыйлық қазақстандық каскадерға режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасындағы трюктері үшін табысталды. «Таурус» сыйлығы әлемнің ең үздік экшн-мамандарына беріледі. Осы марапатқа ие болсақ деп армандамайтын каскадер жоқ шығар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов қола мүсінге ие болуын тынымсыз еңбектің жемісі деп біледі. Сондай-ақ бұл – ұлттық кино тарихындағы үлкен жетістік. Өткен жылдың қарашасында онлайн табысталған мүсін, күні кеше Жайдарбек Күнғожиновтың қолына тиді.

Жайдарбек Күнғожинов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, каскадер:

– Бұл «Таурусты» бірінші рет Қазақстанда, бірінші рет Орталық Азияда, жалпы ТМД-да екінші «Таурус. Мұны «Томирис» фильміндегі экшн үшін алдық. Голливудта «Оскар» актерлерге болса, Голливудта мына «Таурус» каскадерлерге, бұдан жоғары жоқ. Осы «Таурус» – ең үлкен сыйлық.

Жайдарбек Күнғожинов – кинодағы кәсіби қойылыммен әлемді бағындырған Nomad Stunts тобының құрылтайшысы. Ұжымның құрылғанына 20 жылдан асты. Әу баста тоғыз адаммен құрылған каскадерлердің саны қазір 80-ге жеткен. Қазақ жігіттеріне деген сұраныс жоғары дейді ұжымның құрылтайшысы Жайдарбек Күнғожинов. Бүгінге дейін олар Болливудтың ондаған фильмінде және Голливудтың көптеген үздік туындыларында каскадерлік трюктерді қойған. «Таурус» сыйлығынан кейін ұсыныс тіпті көбейген.

Жайдарбек Күнғожинов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, каскадер:

- Таурус алғаннан бері бізге көп фильмдер шығып жатыр. Мысалы, Болливудтың екі фильмі хабарласып, шығып қойды биыл жұмыс істейік деп. Голливудтың бір фильмімен сөйлесіп қойдық, Дубайда түсіретін. Қазақстанды алсақ, «Қасым ханға» дайындалып жатырмыз. «Қажымұқанды» бітірдік, «Боксерді» бітірдік.

Ат үстіндегі қойылымдар бойынша қазір «Nomad Stunts» каскадерлік тобына әлемде тең келетіндер аз. Жайдарбек Күнғожиновтың мақсаты – каскадер жігіттердің санын арттырып, алдағы жобаларға тыңғылықты дайындалу.  

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов