Ақтауда ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттайтын клуб ашылды

Ақтауда «Әжеден ғибрат» атты ақ кимешекті аналар клубы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскелең ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттайтын клуб Назарбаев зияткерлік мектебінде құрылып отыр. Яғни жасы үлкен аналардың немерелері осы білім ордасында оқиды. Онлайн түрде өткен алғашқы дәрісте әжелер балқаймақ қайнату және ұршық иіруді үйретіп, оқушылар қойған сауалдарға жауап берді.

Жасы 80-нен асқан Рысты Дүмбаева – 7-сыныптың оқушысы Зере Құрманбайдың әжесі. Бала шағынан қолөнер шебері атанған қария бүгін компьютер алдына жайғасып, өз білгенін ортаға салды. Немересімен құрдас қыз балалардың өтінішімен ұршық иіріп, қой және түйе түнінен сырт киім тігу жолдарын көрсетті.

Рысты Дүмбаева, қала тұрғыны:

- Балалар осыдан үлгі алады. Істей алмаса да, талпынады. Бұл қазақтың баяғыдан келе жатқан салт-дәстүрлері ғой. Енді оны қазір жастар, жас әжелердің де кейбіреулері білмейді. Бала кезімде менің анам осындай іспен айналысқан. Басқұр тоқыды, бау тоқыды, үйдің киіздерін тікті.

Зере Құрманбай, оқушы:

- Мен қазір әжемнен ұршықпен жіпті иіруді үйреніп жатырмын. Содан кейін тоқуды үйренеміз деп ойлаймын. Қиындықтар болып жатыр, бірақ үйренемін деп сенемін.

«Әжеден ғибрат» клубын құру идеясының авторы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ береді. Педагог-үйлестіруші Сайра Сәрсенованың айтуынша, әзірге 11 қария мүшелікке өткен. Балаларға айтары бар, білгені көп кез келген жасы үлкен аналар бізге қосылуға ниет танытса, оларды зор қуанышпен қабылдаймыз дейді ол.

Сайра Сәрсенова, мұғалім:

- Мектебіміздегі «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Ата-аналар университеті» жобаларының негізінде құрылды. Жалпы клубтың мақсаты – оқушыларға салт-дәстүрге негізделген өнегені әжелердің тәрбиесі арқылы беру болды. Үйірменің жоспары бекітілді. Ережесі бекіп, алғашқы сабақтары жүргізілді. Осы ақпан айының соңына шеберлік сағатын қойып отырмыз. 

Жоспарға сәйкес 1 наурызға дейін әжелермен онлайн түрде екі шеберлік сағаты өтеді деп күтілуде. Танымдық сабақтарда оқушылар ұлттық ас-сусын түрлерін дайындау тәсілдерін үйренеді. Клуб жұмысы алдағы уақытта осындай кестемен жалғасады. Яғни айына 3-4 дәріс өткізіп тұрады. Ал наурыздан бастап тоқыма тоқу, ою өнерінен бөлек қонақ күту әрі ас табағын жасау ережелерімен танысады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев