Елордада «Шәмші» мюзиклі көрерменге жол тартты

Елордадағы «Музыкалық жас көрермен» театрының репертуары тағы бір тың дүниемен толықты. Жас актерлер сахнада белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқовтың өмірін бейнеледі. Шәмші қазақ мәдениетін жаңа белеске көтерген ерекше дарын иесі. Әрбір әнінде халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, үкілі үміті жатыр. Өнерсүйер қауым осылай деді.

Шәмші дегенде ойымызға мәңгілік жасайтұғын бай ән мұрасы оралады. Тума талант көзі тірісінде қазақ музыка қоржынын 300-дей теңдесіз туындымен толықтырды. Олардың қай-қайсы болмасын әлі күнге халықтың жады мен жүрегінде сайрап тұр. 

Шәмші мен ән егіз ұғым. Ол сырлы сазымен тұтас буынды тәрбиеледі. Көзкөргендер «әрбір әнін сәбиіндей мәпелеп, үлкен өмірге үкілеп аттандыратын» деп жиі еске алады. Қарапайым жүріп, ғажайып әндер туғызған дарын иесінің өмірі қалың жұртшылықты қызықтырады. Сондықтан музыкалық жас көрермен театры атақты сазгердің  үш бейнесін сомдауды жөн көріпті. Олар:  Ғашық Шәмші, сазгер Шәмші және  күрескер Шәмші.

Асхат Маемиров, қоюшы режиссер:

- Қазақ даласын жарты ғасырдан астам әнге бөлеп, ақ бесіктей тербеткен Шәмші тағдырының бұрмалаңы көп еді. Жастайынан теперішті көп көрді. Жұпыны, жадау тұрмыс кешті. Алайда батпан қиындық Шәмшіні шыңдады. Сыршыл әуен жазуының сырын да бәлкім осы тұстан іздеген жөн шығар. Тау бұлағындай таза әуезі өз алдына, оның ақындығы құм астында көміліп жатқан алтын сияқты. Ал ағыл-тегіл әзілі бөлек әңгіме.

Айболат Жаудыр, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры:

- Жас актерлер сахна төрінде Қазақ вальсі королінің елге етене таныс 20-ға жуық  әнін шырқады. «Менің күнім халықпен» деген біртуар тұлғаға халқының да құрметі ерекше. Шәмші пайғамбар жасына жетпей көз жұмды. Алайда артында жүректі тербер әндері, аңызға айналып аты қалды. 

Авторлар: Назерке Тоқжан, Ержан Рахманберидев