Жезқазған тұрғындары қолда бар жәдігерлерін мұражайға тапсыруда

Жезқазған тұрғындары қолда бар жәдігерлерін мұражайға тапсыруда

Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музей қоры 80 жәдігермен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясына жергілікті тұрғындар белсенді қатысып, қолда бар дүниелерін мұражайға тапсырды. Көпшілігі этнографиялық және тұрмыстық жәдігерлер. Мәселен, немістің былғары плащын Ұлы Отан соғысының ардагері Берлиннен әкеліпті. Ал бұл сырт киім белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, ғалым Мұхамеджан Қаратевқа тиесілі.

Айта кету керек, қазір музей қорында 50 мыңнан астам жәдігер бар. Оның тең жартысы осындай шаралар кезінде жиналған.

Қолқанат Ескендірова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері:

– Сексенге жуық экспонат өткізілсе, оның ішінен он адамның экспонатын құнды, әрі сирек кездесетін экспонаттар етіп таңдап, іріктеген болатынбыз. Оның бірі белгілі өлкетанушы, музейдің алғашқы директоры Сүтемген Бүкіровке арналған, ол кісі өзі қолданған дүниелері, бас киімі, сонымен қатар жұмыс кабинетінде пайдаланған статуеткалары, құнды қолжазбалары, фотосуреттері өткізілген болатын.