Бабалар ізімен: Құнанбай қажы қорымы

Ғұлама Абайдың өмірінен сыр шертетін ақпарат аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Мұхтар Әуезов жазған романдағы ақынның алғашқы махаббаты – Тоғжанның тағдыры туралы көпшілік біле бермейді. «Бабалар ізімен» экспедициясы Тоғжан Сүйіндікқызының мәңгілік тыныстап жатқан жерін Шығыс Қазақстандағы Тоқтамыс ауылынан тапты.

Экспедиция құрамы Тоқтамыс ауылына бармас бұрын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы мен әулеті жатқан қорымға бағыт алды. Бірақ жол азабын тартты.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Жол талғамайтын көлік болса да, Ақшоқы ауылына барар жолда дөңгелек жарылды да қалды. Жол сапасының қандай екенін осыдан-ақ байқай беруге болады.

Абырой болғанда қосалқы дөңгелек табылды. Ал бұрынғысы жарамсыз күйінде қалды. Әне-міне дегенше 1 сағат уақытымызды сарп еттік. Құнанбай қажы қорымына да жеттік.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Осы арада сол кісінің көп әулеті жатыр. Балалары жатыр. Келіндері мен інілері. Бір жағынан қарасаңыз, ол адамның арманы жоқ деп айтуға болады. Екінші жағынан ол кісінің ұрпақтары аз өмір сүрді, сол өкініштісі. Әсіресе, Абайдың балалары. Ол кезде тараған кеуде ауруы көп қазақтың өмірін қиды.

Абайдың 175 жылдығына орай қорым ауласы жаңартылып абаттандырылған. Кешен аумағында жаңадан салынған музейі де бар. Бірақ ішіндегі экспонаттардың басым бөлігі – көшірме. Түпнұсқалары Семей мен Жидебайдағы қос музейде.

Нұрғали Әділет, Құнанбай атындағы мұражайдың меңгерушісі:

– 2021 жылы пайдалануға беріліп, қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Бір көрме залымыз. Бір конференц-зал бар. Алыстан келіп тәу ететін адамдарға 2 қонақүй нөмірі, намазханамыз, тамақ істейтін орын бәрі бар. Басты трассадан 21 шақырым. Жарық тартылады деп жатыр.

Ақшоқыдан кейін ат басын Жидебай аулына бұрдық. Онда ақынның ұлы шешесі Зере мен анасы Ұлжанға арнап қойылған кесенені көрмей кете алмадық. Басына барып бет сипадық.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Кейде Зере Тобықты руының анасындай болды деп жазады. Мен айтар едім, бұл қазақтың анасындай адам. Өйткені кішкентай кезінен бастап Абай Зере әжесінің тәрбиесінде болды. Соның арқасында шығар Абайдың үлкен ақын, дана, данышпан болғаны.

Күн ұясына асыққан соң, Тоқтамыс ауылына барар жолда тоқтамауға тырыстық. Жергілікті халық арасында Қызылту деп аталатын елді мекенге жеттік. Мешіт қызметкерлері көмегімен Тоғжан Сүйіндікқызы жерленген қыстақты таптық.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Біз қазір Тоқтамыс ауылынан шамамен 3 шақырым жердегі Аққозы қыстағындамыз. Қыстақ маңайында «Абай жолы» эпопеясы басты кейіпкерлерінің бірі, Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан Сүйіндікқызының зираты орналасқан. Бірақ өкінішке қарай бұл жерді көпшілік біле бермейді.

Зират қоршауы сырланбағандықтан темір шарбақты алыстан байқау оңай емес. Тоғжанның шын өмірдегі тұлғасына кітаптағы образына сай лайықты мән берілмей жатқаны өкінішті дейді экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– «Абай жолы» кітабындағы ең бірінші кейіпкер – бұл Тоғжан. Бірақ өкінішке қарай, көңілдің бәрі Абайға ауды. Ал Тоғжан ескерусіз қалды. Оның дәлелі – біз көріп тұрған ескі қорым.

Зират басына белгітасты 2014 жылы жергілікті меценат Дәулет Мұхтаров қойған. Көршілерінен сұрастырып, қара шаңырағында болдық. Кәсіпкер ақсақалдардан естіген тың ақпаратымен бөлісті. Оның айтуынша, Тоғжан атастырылып қойған соң Аққозы деген байдың кіші әйелі болған. Абайға қосыла алмағаны да сондықтан.

Дәулет Мұхтаров, кәсіпкер:

– Арғы жағында Керегетас деген жер бар. Өзен ағады, бір сай үлкен, ағашы бар. Абайдың кездесетін жері деп үлкен кісілер айтып жүретін. 1931 жылдары Аққозы бай қуғын-сүргінге ұшырап, бәрі жан-жаққа тарап кеткен. Бірі Қытай асып, бірі Қырғызстанға кетті деген дерек бар. Ұрпақтары қалмаған бұл жерде.

«Бабалар ізімен» экспедициясының Шығыс Қазақстандағы сапары одан ары жалғасады. Келесі бағдарлама теңіз деңгейінен шамамен мың жарым метр биіктікте орналасқан Марқакөл туралы болмақ.

Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков