Ресей тарихшысы Әлихан Бөкейхан туралы кітап жазып жатыр

Ресей тарихшысы Әлихан Бөкейхан туралы кітап жазып жатыр

Орыс ғалымы, тарихшы Виктор Козодой қазақтың біртуар ұлы, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан туралы «Дәуір аясындағы саяси портрет» атты кітап жазып шықты. Қазан айында жарық көретін монографияға бұрын еш жерде жарияланбаған тың мәліметтер енген. Мың дана болып шығарылатын туындыны ресейлік тарихшы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнағанын айтады.

Кітап ірі тарихи әрі саяси қайраткер Әлихан Бөкейханның өмір жолын қамтыған. Виктор Козодой оның есімі қазақ жұртына кеңінен танымал болғанымен ресейліктердің біле бермейтінін айтады. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін ғылыми зерттеулер жүргізіп, қарапайым тілмен монография жазып шықтым дейді ол. 

Виктор Козодой, ресейлік тарихшы:

- Бұл қолжетімді жанр, өмірбаян болғанымен ғылыми зерттеулерге негізделген. Мен Ресей оқырмандарын және ғылыми қоғамды осындай тұлғамен таныстыруды мақсат еттім. Ол Қазақстан үшін де, Ресей үшін де өте маңызды роль атқарды. Өз еңбегімде оның бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі тұтас империялық, жал­пыұлттық деңгейдегі саясаткер еке­нін көрсетемін.

Виктор Козодой Әлихан Бөкейхан туралы кітап жазуды осыдан үш жыл бұрын қолға алған. Ол кезде тәжірибе алмасу мақсатында Павлодардың жоғарғы оқу орындарының бірінде студенттерге дәріс оқыпты.  

Александр Свидерский,  университет деканы:

- Ол біздің университеттің құрметті профессоры. Студенттерге, магистрлерге дәріс оқыған кезде Қазақстанның тарихына қатты қызығушылық танытты. Әсіресе Потанинді, Гучковты зерттей келе олардың Әлихан Бөкейханмен қарым-қатынасы туралы біледі. Оны Әлихан Бөкейханның  ұлылығы қызықтырып отыр. 

Кітап авторы Торайғыров атындағы орталық кітапханада Әлихан Бөкейхан туралы мағлұматтар жинаған. Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орын­бор, Новосібір архивтерімен де жұмыс істеген. 

Әсемгүл Рамазанқызы, Торайғыров атындағы орталық кітапхананың бөлім басшысы:

- Виктор Иванович Козодой біздің кітапханаға оқырман ретінде 2019 жылы 28 қарашада тіркелді. Сол уақытта мінеки Әлихан Бөкейханды зерттеумен айналысып жүрген уақыты. Біз кітапханашылар бар ақпаратты жайып салғаннан кейін соның ішінен бірнеше күн келіп осында оқып, ғылыми зерттеу жүргізді.

Бұл Әлихан Бөкейханов туралы Ресейде жарық көретін  алғашқы кітап болмақ. Тұсаукесерін   Қазақстанның үш қаласында өткізу жоспарланған. Ресей тарихшысы  Алаш ардақтысы туралы туындыны Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында барша қазақ жұртына тартқан сыйым дейді.  

Виктор Козодой, ресейлік тарихшы:

- Қазақстан халқының  Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 30 жыл толады. Мен бұл кітапты қазақ халақына ресейдің  ғалымы, тарихшысы және ғылым докторы атынан сыйға тартуды көздеп отырмын және мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Әлихан Бөкейханов туралы жазылған монография қазан айында басылып шығады. Тарихшылар, ғылыми қызметкерлер әдістемелік құрал түрінде пайдалана алады. Автор әзірге мың данамен жарық көретін туындының  келешекте қазақ тіліне аударылатынына сенімді.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат