«Қазақ Моцарты» атанған Рахат-би Әбдісағинның жаңа дискісі шықты

Германияның дыбыс жазу студиясы қазақстандық музыкант Рахат-би Әбдісағинның дискісін шығарды.

Еуропаның өнерсүйер қауымы композиторымыздың шығармашылығымен жақсы таныс. Ал енді оның пианиcт ретіндегі шеберлігін бағалай алады. Рахат-би белгілі классиктер Шопен мен Листтың туындыларын орындаған. Енді студия оның дискісін Франкфурттегі музыкалық көрмеде, сондай-ақ Шанхайдағы Мюзик Чайна мен өзге де ірі алаңдарда ұсынбақ.

«Қазақ Моцарты» атанған өнер иесі небәрі 13 жасында Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық өнер консерваториясына оқуға түскен. Италиядағы өнер академиясын да тәмамдаған. 

Кристоф Таггатц, «Kreuzberg Records» студиясының шеф-редакторы:

– Мен алғаш рет Рахат-Биді Берлиндегі концертте тірідей тыңдап, ол жоғары деңгейдегі пианист екенін бірден түсіндім. Енді біз диск шығардық, ол Шопен мен Лист туындыларын орындайды. Рахат-би, расында да, шеберлігі асқан пианист. Дисктер мен партитуралады шығару секілді жаңа жобаларды қарастырып жатырмыз.