ALL Nur-Sultan Week: Ресей әртістері театр апталығында үш қойылым қояды

ALL Nur-Sultan Week: Ресей әртістері театр апталығында үш қойылым қояды

28 қазанда басталатын фестивальге 11 ұжым қатысып, 20-дан астам қойылым көрсетеді, деп хабарлайды Хабар 24 елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәдени шараның қонақтары – Малая Бронная атындағы Мәскеу драма театры және С.В. Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық Орталық қуыршақ театры. Мәскеу драма театры елорда тұрғындарына режиссер Саша Денисовтың «Человек Летучая Мышь против Леонида Ильича Брежнева» спектаклін тарту етпек. Қойылым «Астана Балет» театрында 28, 29 және 30 қазан күндері сахналанады. Спектакль сюжетінде КСРО кезіндегі тоқырау дәуірінде жүрген жарқанат адам кеңес азаматы ретінде не істейтіні көрсетіледі.

Ал С.В. Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық Орталық қуыршақ театры фестиваль барысында Nomad City Hall сахнасында екі спектакль қояды.

Сондай-ақ фестиваль бағдарламасында режиссер Борис Константиновтың авторлығымен қойылатын «Тұрандот» ертегісі де бар.

Елорда тұрғындары ресей сахынагерлерінің «Необыкновенный концерт» қойылымын да тамашалайды.

Айта кету керек, спектакль гастрольдер мен көрсетілімдер саны бойынша рекорд орнатқан және Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қуыршақ конферансьесін Эдуард Апломбов өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, «ALL Nur-Sultan Week» театр апталығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Спектакльдерден басқа, ұйымдастырушылар бейнелеу өнерінің көрмелерін, актерлік шеберлік бойынша мастер кластар, конференциялар өткізу жоспарлап отыр.

Іс-шаралар санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Оған тек «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге болады.