Ыстамбұлда Түркі кеңесінің медиа форумы өтіп жатыр

Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ. Осындай атаумен Ыстамбұлда Түркі кеңесінің медиа форумы өтіп жатыр. Үш күнге созылатын келелі кездесу түркі тілдес мемлекеттер тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған Түркі кеңесі медиа форумының мақсаты – Түркі әлемінде ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру. Ортақ мәдениет пен өркениетті дамыту. Соның ішінде медиа және кино индустрия саласындағы ынтымақтастықты нығайту.

Бағдат Әмреев, Түркі кеңесі бас хатшысы:

– Түркі мемлекеттері бір-бірімен ынтымақтастығын дамытып жатыр. Саяси, экономикалық, мәдени және спорт саласында ауқымды ынтымақтастық жүріп жатыр. Бұл ынтымақтастық түркі мемлекеттері арасында ортақ информациялық кеңістікті талап етеді. Осы мәселелерді Ыстамбұлдағы Түркі кеңесі медиа форумында талқылап жатырмыз.

Фахреттин Алтун, ТР Ақпарат басқармасы басшысы:

– Бүгінгі таңда Түркі кеңесі ретінде біздің міндетіміз цифрлық фашизмге, кибер-империализмге және жаһандық дезинформацияға қарсы ортақ ақпарат өндіру және тарату арналарымызды нығайту. Осы тұрғыдан көшбасшыларымыздың Түрік әлемінің болашағы үшін күресуімен қатар, байланыс саласында салауатты қоғамдық сана қалыптастыруымыз керек.

Халықаралық медиафорумға Түркітілдес мемлекеттерден 400-ге жуық делегат қатысып жатыр. Олардың арасында журналистер, ғалымдар, медиа менеджерлер мен блогерлер бар. Сондай-ақ цифрлық көрмелер TRT World, TRT Avaz, технология мен этноспорт стандарты ашылған.

Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Осы медиафорумның басты тақырыбы – жалпы түркі тілдес халықтың жалпы тарихының ішінде қандай аспектілерге көңіл бөлуге болады. Болашақта түсірілетін сериалдар, фильмдер болсын, солардың ішінде қандай маңызды мәселелерді шешуге болатынын «Терең тарих зор болашақ» тақырыбында талқылау өтіп жатыр.

Сансыбай Мәдиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті деканы:

– Түркі дүниесінде жүріп жатқан үлкен форум – түркітілдес халықтардың басын қосатын, оларды болашаққа үндейтін үлкен басқосу болып отыр. Бұл басқосудан түйгеніміз, біздің ата-бабаларымыздың қаншама жылдардан бері аңсап, түркі әлемінің басын біріктіреді деген үлкен идеяның аясында болса керек.

Түркі кеңесі медиафорумының бірінші күнінде сериалдар өндірісін жолға қою мен тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Түркі әлемі тарихы мен болашағы тақырыбында пікір алмасты. Бүгінгі өтетін сессияда «Түркі әлемінің жаңа Мырза Ұлықбектері, Әлішер Науаи мен Қожа Ахмет Яссауилері» мен «Болашақты бірге құру» тақырыбындағы сессиямен жалғасын таппақ.