Алматыда суретші қыз Желтоқсан оқиғасына қатысқан үш адамның портретін бір мезгілде салып шықты

Алматыда суретші қыз Желтоқсан оқиғасына қатысқан үш адамның портретін бір мезгілде салып шықты

Алматылық Әсел Сабыржанқызы бір сәтте бірнеше сурет сала алады. Ол 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан үш батыр: Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбековтың портретін екі сағатта салып шықты. Суретші бұл жұмысын тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнады.

Сызғышқа бекіген үш қарындаш айқұш-ұйқыш сызықтар сыза бастады. Үшеуі де бір мезгілде сызады. Бірақ үшеуінің сызып жатқан картинасы үш түрлі. 27 жастағы суретшінің сурет салудағы жаңа технологиясы осындай. Мұндай әдіспен сурет салатын шеберлер бар. Бірақ өте сирек. Өйткені бір мезгілде үш қарындашты бірден билеу оңай емес. Мына суретте суретші үш желтоқсаншының сот үкімін тыңдап тұрған кейпін бейнелеген.

Әсел Сабыржанқызы, кәсіби суретші:

- Мен ортаңғы қарындашты ұстаймын. Сол арқылы басқа қарындаштарды кейде иіп, кейде көтеріп, бейімдеп отырамын. Кейде бір мезгілде екі детальді бір-ақ сызамын. Кей жерлерде жекелеп, арнайылап сызу керек болады. Бастысы, үш қарындаш қай жерде, қашан, қалай жұмыс істейтінін жіті қадағалап отыруың керек. Менің бүгінгі кейіпкерлерім суретін салуға лайық тұлғалар. Олардың ерліктері көп насихатталуы керек.

Әселдің 4 жасынан бастап қолынан қарындашы түспеген. Оның қорында 150-ден аса сурет сақтаулы тұр. Суретші көбіне майлы бояумен салғанды құп көреді. Тек портрет ғана емес, интерьерлік картиналарды салғанды да жаны сүйеді.

Әсел Сабыржанқызы, кәсіби суретші:

- Мен мықты адамдардан, олардың түрлі оқиғаларынан шабыт аламын. Маған тарихи тұлғаларды салған ұнайды. Олардың отандық суретшілер галереясынан табылуға қақысы жоғары. Олар жайлы салған суретшілер көп те емес. Сондықтан Қазақстан сурет өнерін жақсы портреттермен толықтырғым келеді.

Әсел Сабыржанқызының бір арманы - қазақ тарихындағы батыр, ерекше аналардың, қыздардың қайталанбас портреттерін салу. Мына аяқталмаған суретке зер салыңыз: қолына қасиет дарыған ақ ұстаған Ұмай Ана. Оның бесікте жатқан баласы енді салынады. Ұмайдың тарихын білетіндер үшін, суреттің қадірін түсінетіндер үшін бұл картинаның құны жоғары болмақ.

Кәмшат Әбілқызы, Радик Жакупов