Парижде Қазақстан киносының фестивалі аяқталды

Парижде еуропалық көрермендерге 11 фильм ұсынған Қазақстан киносының фестивалі аяқталды.

Олардың көбісі алғаш рет француз тілінде көрсетілді. Ұйымдастырушылар шараның соңғы күнін көрнекті режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың құрметіне арнады. Қуғынға ұшыраған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тағдырын баяндайтын «Аманат» фильмі Париж көрермендеріне үлкен әсер қалдырды. Сондай-ақ жүлдеге Тұмар ролін сомдаған Альмира Тұрсын, Алла Ильчун туралы дерек фильм және Әділхан Ержанов түсірген «Сары мысық» драмасы ие болды. Қазақстандық фильмдер Франция, Бельгия мен Люксембург елдерінің кинозалдарында және онлайн көрсетілді. Санитарлық шектеулерге қарамастан жергілікті жұрттың бұл шараға қызығушылығы жоғары болған.

Садык Шер-Нияз, Қырғызстанның Франциядағы Елшісі, режиссёр:

- Қазақ ағайындарымызды мейрамдарымен құттықтаймын. Мәдениет саласының адамдары халықтар, мемлекеттер мен ұрпақтар арасында көпір қалайды. Кинематографист ретінде осыған ризамын. Бүгін маған Сатыбалды Нарымбетовтың фильмін жүлдемен марапаттау құрметіне ие болдым. 

Андре Иванов, Қазақстан киносы фестивалінің президенті:

- Біздің шара негізінен француз тілді көрермендерге арналған. Кинофествиаліміздің мақсаты да осы. Келер жылы 4-фестивальда көремендер қатары еселенетіне үміттіміз.

Шарль, көрермен:

- Қазақстандық кино дамып жатыр деп санаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын негізінен қала мен ауыл тұрғындары арасында алшақтықты арқау еткен комедиялар түсіретін. Енді қозғаған тақырыптары терең. Киноның болашағы зор деп есептеймін.