Сеулде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтті

Абай әндері мен таэквондо шоу. Сеулде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кешке келген қонақтар қатаң шектеулерді сақтауға мәжбүр болды. Қазір Кореяда тәулігіне бес жарым мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, жүзден астам тұрғыннан омикрон штаммы анықталған. Шектеулерге қарамастан кеш сәтті өтті. 

Мерекелік кешке қатысушылар саны коронавирусқа байланысты шектелді. Тіпті дастархан басында қонақтар арасында пластикалық бөгеттер орнатылды. Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтауға дипломаттар, ғалымдар, парламент және үкімет мүшелері келді. Олар өткен жылды қорытындылап, екіжақты қарым-қатынастардың маңызды болғанын атап өтті. Тамыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Ол пандемия басталғаннан кейін Сеулге барған алғашқы мемлекет басшысы болды.

Бақыт Дүйсенбаев, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі:

– Осы сапар аясында екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Сондай-ақ маңызды тарихи оқиға орын алды – бұрын Қазақстанда жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегі корей тарапына тапсырылды.

Хван Ги Чуль, Оңтүстік Кореяның ардагерлер мен патриоттар жөніндегі министрі:

– Ұлттық қаһарман Хон Бом До Кореяның есімін мәңгі қалдыру үшін Қызылорда облысында мәдениет және білім саласында екіжақты жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары елдер арасындағы мәдени алмасуына да әсер етті. Сеулде Абай ескерткіші ашылды, ал оның әндері жергілікті әртістердің репертуарына енгізілді.

Пандемияға байланысты кәрістердің шетелге шығуы қиынға соғады. Бірақ қонақтар қазақстандық көрікті жерлерді фотокөрмеде тамашалап, Қазақстан туралы кітаптарды тегін алып, студенттердің орындауында халық әндерін тыңдауға мүмкіндік алды.

Мерекелік концерт таэквондо шоуымен аяқталды. Ол Қазақстан мен Корея кез келген қиындықты, соның ішінде коронавирусты жеңуді бірге басынан өткереді деген мағынаны білдіреді.

Владислав Цой, Ольга Лян