CHANEL №5. «АЛЖИР» лагеріне қанша әйел қамалған

Елордада музыкалық жастар театры осындай ерекше атаумен жаңа қойылым ұсынды. Онда түрмедегі әйелдер тағдыры сахналанды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қойылымда халық жауы атанғандардың әйелдері көрсетіледі. Олардың түрмедегі тағдыры көрініс тапқан. Сол уақыттағы сұрқия саясат пен оның жазықсыз құрбандары туралы баяндалады. Ал енді оның әйгілі иіссуға қандай қатысы бар және қазақша қойылымға неге Франция елшісі келді? Музыкалық жастар театры. Бұндағы шығармашылық ұжым тәуелсіздік күні ерекше қойылымның тұсауын кесті. Ақмола лагеріне жазықсыз қамалып, тағдыры тәлкек болған әйелдердің тағдыры көрініс тапқан. Деректі драма екі айға жуық дайындалды. Ал оның премьерасында ине шаншар орын болмады.

«АЛЖИР» лагеріне 20 мыңға жуық әйел қамалып, түрлі тауқымет көрген. Қойылым авторлары осының барлығын шағын сюжетке сыйдырып, барынша шебер жеткізген. Осы арқылы тәуелсіздіктің қадірін, оның қалай келгенін қазіргі жастарға түсіндіргісі келеді. 

Басты кейіпкерлер арасында Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина, Жұмат Шаниннің жары Жанбике Шанина және Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш Ермековалар бар.

Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Франция елшілігі «АЛЖИР» мемориал-музейімен тығыз қарым-қатынаста. Өйткені онда француз әйелдер де отырған. Олардың саны төртеу болғаны белгілі. Есімдері арнайы тақтайшаға қашалды. Жақында музейге француз тіліндегі аудиогид сыйладық. Яғни біздің елден келген саяхатшылар музейге барып, өз тілінде тарихты тани алады.

Қойылым 21 желтоқсанға дейін жалғасады. Алдағы жылдан бастап оны театрдың негізгі репертуарына қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров