Павлодар тұрғындары қылқобызды үйренуге ден қойды

Ертіс өңірінің тұрғындары қазақтың көне музыкалық аспабы – қылқобызбен күй тартуды үйрене алады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұдан былай атадан қалған өнер қалың жұртқа қолжетімді болмақ. Облыста алғаш рет «Шалқыма» атты қылқобыз үйірмесі ашылды. Қуантарлығы, аспапты меңгеруге балалар ғана емес, ересек буын да қызығушылық танытып жатыр.  Бөкен Жігер – дәстүрлі әнші. Қылқобыздың құдыретті үніне ғашық болған өнерпаз көне аспаптың қыр-сырын меңгеріп алған. Қобызбен сөз жарыстырып, талай айтыстарға қатысып елге танылды. Ендігі мақсаты – көне өнерді жастардың бойына сіңіру.

Қазірдің өзінде қылқобыз тарту өнерін меңгергісі келетіндердің қарасы қалың. Осы тектес үйірме бұрын-соңды болмаған. Әзірге аптасына бірнеше сағаттық сабақтар жүргізілмек.

Бөкен Жігер, дәстүрлі әнші, ақын:

– Қобыз қазақтың дәстүрлі аспабы болғаннан кейін осыдан екі жыл бұрын бастап үйренгенмін. Қазақ айтады екен «Қобыз қонады деп». Жалпы өзіме жақсы, жаныма ыңғайлы аспап болғаннан кейін, бірден үйрене бастадым. Қазіргі таңда қобызбен халық әндерін, дәстүрлі әндерді айтамын.

Аймақтағы күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты үйірме жұмысында шектеу бар. Әзірге он адамнан құралған топқа келуге рұқсат. Алғашқы сабақтар онлайн форматта басталды.

Бөкен Жігер, дәстүрлі әнші, ақын:

– Бастапқы күйлерді үйрету және де қобыз бағытында күйге емес, дәстүрлі әнге басымдық беріп отырмыз. Өйткені бізде жалпы, қобызбен ән айту дәстүрі кенжелеп қалған тұс болғандықтан, қобызбен ән айтуға басымдық беріп отырмыз. Балаларға халық әндерінен бастап, қобыздың тартылуы, оның ұсталуы сияқты қарапайым сауаттылықтан бастаймыз.

 «Шаңырақ» орталығында дәстүрлі өнерді дамыту мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Биыл кенже қалған күй бағытына басымдық беріледі.

Жарқынбек Амантай, «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығының директоры:

– Күйшілік өнер бұл бір насихатталуы кенжелеп қалғанын байқап отырмыз. Орнын толтырсақ деген ниет. Ал «Шалқыма» ән, жыр, жыршылық термесі, ішіне қылқобыз үйірмесін қосып отырмыз. Басқа да аспаптарды атап өтуге болады. Бұл жерде тек қылқобызды үйрену ғана емес, одан бөлек жыршылық, термешілік, әншілік өнерді қамтып отырамыз.

Бүгінде дәстүрлі өнер үйірмелеріне қатысушылардың саны ондап емес, жүздеп саналады. Мақсат – ата-баба мұрасын насихаттап қоймай, әр аспаптың тарихын жеткізу. Өнерпаздар сазсырнай, дабыл, жетіген, шаңқобыз, адырна сияқты аспаптарды оркестрлердің репертуарына барынша енгізген. Мәселен, алтыншы ғасырда пайда болған адырнаның сүйемелдеуімен 20-ға жуық туынды жаңғыртылды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат