Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақтың лирик ақыны заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақынға айналды. Оның өлеңдері қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерді. Бүгінде поэзия мұзбалағына арнап көркем фильмдер түсіріліп, түрлі мәдени шаралар атқарылып жатыр.

Бұл Мұқағали Мақатаевтың алтын қордағы өз дауысы. Ақын көзі тірісінде үнін тыңдар адам таппай қапаланды. Алайда қазір оның отты жырлары қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді. Ол қара өлеңнің Құлагеріне айналды. Көпшілік Мұқағали десе, оның ақындығын сөз етеді.

Ал әкелік махаббатын балаларынан артық ешкім айта алмас. Ұлы Жұлдыз «ақсақал, әкеміз, өте балажан адам еді» деп еске алады.

Жұлдыз Мақатаев,  М.Мақатаевтың ұлы:

- Әкеміз өте балажан адам болатын. Ол кезде Қарасазда екі бөлмелі ауыл үйде тұрдық. 10 жастағы баламын ғой, әлі есімде. Сол екі бөлменің біреуі толған әкемнің кітаптары болатын. Сол кітаптармен жұмыс істеді. Бір жағынан, тума талант болса еңбекқор болды. Әкеміздің шығармашылығын дәріптеуде өзіміз де жұмыс істеп жатырмыз.

Бүгінде мұзбалақ ақынға арналып деректі туындыдан бөлек бірнеше көркем фильм түсірілді. Шығармашылығы да дәріптеліп жатыр. Ақынға музей ашылып, мектептерге есімі берілді. Ақын атындағы көшелер де бар. Былтыр елордадағы ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали Мақатаев атындағы мәжіліс залы ашылды. Заманауи жабдықталған залдың өз ерекшелігі бар. Себебі ондағы ақын өлеңдерін QR кодты сканерлеу арқылы оқуға болады.

Жарқынбек Жұмаділұлы, Ұлттық академиялық кітапханадағы жастар орталығының жетекшісі:

- Бұл залда ол кісінің кітаптары мен еңбектері түгел электронды түрде сақталған. QR код арқылы шығармаларын еркін оқуға болады. Залдың өзі шығармашылыққа арналғандықтан Мұқағали атамыздың еңбектерін насихаттауда түрлі кештер ұйымдастыруға арналып жасалған. Әдеби кешке арналып жасалған зал.

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

Мұқағали өлеңдерін жатқа айтпайтын оқушы кем де кем шығар. Ақын атындағы мектептің оқушысы Ақнұр Айболқызы республикалық Мұқағали оқуларының жеңімпазы. Ол сабақтан тыс уақытта шығармаларын жаттап, мәнерлеп оқу қабілетін шыңдайды.

Ақнұр Айболқызы, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Мұқағали Мақатаевтың шығармалары үлкен мән-мағынаға толы. Және де өте ыңғайлы, әрі түсінікті сөзбен жазылғандықтан бірден қағып алу өте оңай. Және де әрбір өлеңінде өзінің бір  астары, мағынасы жатыр. Оны тек ғана жүрекке жақын қабылдап, әрбір сөзін түсініп оқысаң, менің ойымша оның өмірге берер азығы өте зор деп білемін.

Оның өмірі тым қысқа болды. Қазақтың маңдайына біткен лирик ақын Мұқағали Мақатаев небәрі 45 жасында дүниеден озды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазаққа ғасырға бергісіз қайталанбас туындылар қалдырды. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті.

Айнұр Қуатқызы Марат Диханбаев, Арман Ақшабаев