Жаңа шығармашылық орталық балаларға мол мүмкіндік береді – Алматы облысы

Сарқан ауданында шығармашылық орталық ашылды. Мұнда жасөспірімдері өздері бейнеролик пен шағын клип түсіре бастады. Тіпті олар тырнақалды туындыларын монтаждап, әлеуметтік желіде насихаттауды қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларды бұл салаға жаңадан ашылған шығармашылық орталық мамандары баулып жатыр.

Жасөспірімдер үшін шығармашылық орталықтағы әрбір түсірілім маңызды. Өйткені жас өнерпаздар камера алдында өзін еркін ұстауды үйренеді. Ал болашақ клипмейкерлер мен кинооператорлар сахналанған көріністі сапалы етіп таспалауды меңгереді.

Арай Қасен, үйірмеге қатысушы:

– Бұл менің мақсатым. Сондықтан мен бұған үлкен еңбек жасаймын. Әрине өте көп видеомонтаж. Соның барлығын біліп, әрі қарай дамытып, ең білікті маман болам деп ойлаймын.

Еркін Амантайұлы, шығармашылық орталықтың оқытушысы:

– Компьютерлер, фотоапараттар бар. Балаларды үйретеміз сонымен қандай программалармен жасайды. Нөлдан профессионалдарға дейін тырысамыз үйретуге. Балалар жақсы. Қазіргі таңда балалардың түсірген роликтері бар. Тәуелсіздік күніндегі жарысқа қатысып, біздің оқушылар екінші орын алды. Талпыныс бар. Қызығушылық көп. Балалар күнделік жазылып жатыр.

Үйірмеге әрбір жасөспірім қатыса алады. Ол үшін баланың ата-анасы орталыққа бармай-ақ онлайн режимінде өтініш жазса болғаны.

Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан жобаны облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы қаржыландырып отыр. Қолдауға ие болған орталықта қазір 11 үйірме жұмыс істейді.

Ислам Жұманов, үйірмеге қатысушы:

– Болашақта Қазақстанға мықты танылған, басқа елдерге де мықты танылған актер болғым келеді. Сол үшін осы жерге келіп отырмын. Бастапқыда ешкімді танымай қысылдым. Қазір барлығымен доспын.

Сарқан қаласындағы орталыққа 200-ге жуық бала тіркелген. Тегін қызмет көрсететін мекеменің жұмыс істеуі ата-аналар үшін де айтарлықтай көмек болып тұр.

Ғизат Тоғамбаев, Сарқан ауданының тұрғыны:

– Қызымда екі айдай уақыт болды, жақсы өзгерістер бар. Өзім де мұғаліммін. Осындай орталықтар көбірек ашылса екен деймін. Көбірек балаларға тәрбие жағынан, шығармашылық жағынан пайдалы деп ойлаймын.

Мұндай орталықтар қазір облыстың әрбір ауданында ашылып жатыр. Ондағы тәлімгерлер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа мамандықтарды меңгеруіне ықпал етеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев