Парижде Наурыз құрметіне бейбітшілік ағаштары егілді

12 мемлекеттің өкілдері Наурыз құрметіне Парижде бейбітшілік ағаштарын екті, деп хабарлайды  «Хабар 24».

Олар Қазақстан жерінде өседі. Қазақстан елшілігі өз ауласында қадірлі қонақтарды қарсы алды. Ауғанстан, Үндістан, Иран, Түркия, Пәкістан, Ирак және Орталық Азиядағы бүкіл елдердің ресми өкілдері алма ағаштарын екті. Осы іс-шараны ұйымдастырған ЮНЕСКО жанында Қазақстан делегациясы осылайша көктемді қарсы алудың ежелгі дәстүрін көрсетті. Биыл Наурыздың Қазақстан үшін маңызы ерекше. Өйткені дәл 30 жыл бұрын бұл мейрам елімізде қайта жаңғырды. Ал бүгіннен бастап Франциядағы елшілігімізде халықтар арасындағы бейбітшілік пен достыққа арналған шағын бақ өсетін болды.

Николас Джеффрис, ЮНЕСКО бас хатшысының орынбасары:

– Бұл біз үшін өте маңызды мейрам, өйткені ол бейбітшілік пен халықтар ынтымақтастығының белгісі. Біз бұл мейрамды жоғары бағалаймыз.

Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы елшісі:

–Бүгін осы мейрамды атап өтетін ел өкілдерімен бірге Қазақстан елшілігіндегі бақта үш алма ағашын ектік. Оларға осы мемлекеттердің тулары түстес жолақтар байладық. Қатысушылардың айтуынша, бұл осы елдердің мәдени және рухани жақындығын көрсетеді.

Ахмад Пакачи Иранның Франциядағы елшісі:

– Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың символы болуы мүмкін. Бұған әрине құрметпен қарауымыз керек. Мынау Наурыз тойымен барлық қазақ ұлтын құттықтаймын!