«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта оралады

Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтаруды ұсынып, тиісті министрлікке осыны қолға алу жөнінде тапсырма жүктеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Еңбек сіңірген қайраткер» атағын иеленгендердің бірі – «Астана Опера» театрының жетекші концертмейстері Долорес Үмбеталиева. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. Музыканттар отбасында өсіп, жылдар бойы ұстаздық еткен, шығармашылық ұжымдарда өнер көрсеткен. «Кәсіби мереке қарсаңында құрметке ие болу қуаныш сыйлаумен қатар салмақты жауапкершілік жүктейді. Әрі қарай тек өсу жолын таңдауым керек», - дейді өнер иесі.

Долорес Үмбеталиева, «Астана Опера» театрының жетекші концертмейстері:

Бұндай жоғары атақ белгілі бір еңбегің үшін беріледі. Демек менің де кәсіби деңгейге жеткенім, төккен тердің бағаланғаны. Жылдар бойы жинаған тәжірибем босқа кетпегені деп білемін. Мемлекет бұны құрметті атақпен атап өткені қуантады. Сонымен қатар бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта еліміздің өнер саласының дамуына одан әрі үлес қосқым келеді.

Мәдениет саласының қызметкерлері бұл бастамаға риза.

Евгений Чайников, «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі:

Шынымды айтсам, Президенттің осы шешімін көптен күткен едік. Өнер адамдарымен араласып жүргеннен кейін бұл жағдай маған таныс. Бұл тақырып көп жылдан бері талқыланып келді. Мәдениет қайраткері мен әртіс арасында айырмашылық бар. Еңбек сіңген әртіс, халық әртісі деген болады. Осы атақ қайтарылған соң лайықтылар марапатқа ие болар деп сенемін.

Елімізде «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру 1999 жылдан бері тоқтатылған. Бұл құрметті марапатты лайықты өнер тарландарына беру мәселесі біраздан бері айтылып келген еді. Енді нақты шешім қабылданғаны қуантты,- дейді өнер майталмандары.

Авторлары: Рухани Асқар, Анэль Еділқызы, Ақылбек Есемсейіт