Петропавлда Шота-Аман Уәлихановтың кітабы жарық көрді

Петропавлда Елтаңба авторы Шота-Аман Уәлихановтың 90 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – Елдіктің символы» республикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Жиналғандар көрнекті сәулетшінің өмір жолы мен оның Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы айтты. Сондай-ақ «Шота-Аман Уәлихановтың шығармашылық мұрасы» жеті томдық жинағы кітабының тұсаукесері болды.

Уәлихан Құлбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры:

- Шота ағамыздың туған елі, туған жері, кіндігінің қаны тамған елі ол – біздің Сырымбет елі. Міне, бертінге дейін оның үйі бізде Сырымбетте бар. Кәкімбек Салықов екеуі бір партада отырып, бірге оқыған. Одан кейін міне өздеріңіз жақсы білесіздер көп жылдар бойы ол еңбек етті, жұмыс істеді. Қандай үлкен дәрежелерге жетті. Қайда жүрсе де, ол елін ешқашан да ұмытпаған.