«Айбоз» әдеби сыйлығы беріледі

Елде «Айбоз» атты жаңа әдеби сыйлыққа байқау жарияланды. Туындылар 7 аталым бойынша қабылданады. Жеңімпаз атанған әр қатысушыға 5 млн теңгеден сыйақы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үздік еңбектер 500 данамен қалың оқырман назарына жол тартады. Әдеби сыйлықтың тұсаукесер рәсіміне бүгін зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар қатысты. Кейінгі кезде қазақ әдебиетінде фантастика, детектив, роман, комикс туындылары кенжелеп тұр, - деді жиналғандар. Енді шығармасы материалдық тұрғыда лайықты бағаланып жатса, ол жазушыны қанаттандырады. Әдебиетке салынған инвестиция болашақтың руханиятын дамытумен тең, - дейді Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

- Жазған дүниесіне қаламақы талап ету енді автордың құқығы ғой. Оның түгел талабын орындау әлі мүмкін болмай жатыр. Оның орнын осындай бір сыйлықтармен, жүлделермен, түрлі конкурстағы жүлделермен толтыруға тырысып жүрміз. Негізінде, бұл өте қуанышты, әдеби өмірдегі құбылыс деп айтуға болады.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Қатысушы азаматтардың жасына, жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс.