Шымкенттегі шынайы оқиға: вирус жұққан сәбилер туралы фильм Кореяда көрсетілді

Режиссер Айсұлу Онаран түсірген «Балабан» көркем фильмі Пхенчхандағы IV халықаралық бейбітшілік кинофестивалінде көрсетілді.

Биыл өнер сайысына 28 елден 88 фильм қатысты. «Балабан» - халықаралық жоба, былтыр Қазақстан аумағында түсірілген. Драма 2006 жылы Шымкентте болған шынайы оқиғаларға негізделген. Сол кезде 149 сәби ВИЧ індетін жұқтырған. Бұл оқиға режиссер Айсұлу Оңаранды толғандырып, фильм түсіруді көздепті. Кәсіпкер әйел Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, қазір Ұлыбританияда тұрады.

Пак И Ён, режиссёр:

- Балабан фильмі тамаша табиғатты көрсетеді. Шөл, тау және осының бәрі бір елде. Ал мен режиссер болғандықтан маған локациялар ұнады. Басты кейіпкерлерді сомдаған екі актриса өте сүйкімді.

Чой Ын Ён, Пхенчхан халықаралық бейбітшілік кинофестивалінің режиссёрі:

- Бұл фильм туралы алғаш рет Берлин кинофестивалінде естідім. Мені қазақстандық жасөспірімдер туралы фильм қызықтырды және бұл фильмде еуропалық немесе американдықтарға ұқсамайтын ерекше сүйкімділік пен ырғақты көрдім, сондықтан фильм біздің кинофестивальге қатысты.