Түркияда Мұхтар Шахановтың 80 жылдығы тойланды

Күні ертең Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов 80 жасқа толады. Айтулы күнге орай халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқысымен Анкарада халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұхтар Шахановтың 80 жасын тойлау Түркиядан бастау алды. Келелі жиын халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды. Ақынның қатысуымен өткен шарада түбі бір түркі жұртының елшілері түгел бой көрсетіп, қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдері жиналды. Халықаралық конференцияда Шахановтың әдебиет пен қоғам өміріне сіңірген еңбегі кеңінен талқыланды.

Сұлтанбек Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

– Мұхтар Шаханов – түркі дүниесіне ортақ ақын. Ол тек қазақ елінің емес, түркі жұртының рухани тұлғасы. Мұхтар ағай айтты, менің бірінші мерекемді ТҮРКСОЙ-дан бастаймын деді. Бүгін біз мерейтойлық шаралардың тұсауын кесіп отырмыз. Алдағы уақытта Қырғызстанда, түркі мемлекеттерінде болады. Қазақстанда өтеді. Мұхтар Шахановқазақ пен қырғыздың емес, бүкіл түркінің рухы, қайнар бұлағы.

Анадолы жұрты Мұхтар Шахановты Мағжан Жұмабаевқа теңейді. Ақынның ұстанымы күллі түркі үшін ортақ, – дейді Түркия президентінің бас кеңесшісі.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

Мұхтар Шаханов қазақтың зиялысы. Шығармаларының мазмұны мықты. Қазақтан шыққан зиялы, бүкіл түркі халықтары үшін құнды. Оның пікірлері түркі әлемі үшін маңызды. Тіпті бүткіл адамзат үшін.

Түркі жұрты үшін Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов – егіз ұғым. Сондықтан қырғыз халқының ақынға деген ықыласы ерекше.

Қуанышбек Өмірәлиев, Қырғызстанның Түркиядағы елшісі:

Мұхтар Шаханов бір ғана қазақ емес, қырғыз елінің ең танымал адамы. Тек ақын, жазушы емес, Шыңғыс Айтматовтың жанында жүрген інісі, қаламдасы ретінде халқымыз жақсы таниды. 10 жыл бойы Қырғызстанда елші болды. Осы кезеңде Айтматовша қазақ пен қырғызды бір құстың екі қанатындай етіп жақындастырды. Сондықтан ортақ тұлғамыздың дені сау, өмірі ұзақ болсын.

Мұхтар Шахановтың шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет, – дейді Түркиялық түркітанушы Экрем Аян. Осы орайда, алдағы уақытта ақын жайлы елеулі еңбек жарық көрмек.

Екрем Аян, университет оқытушысы:

Түркі дүниесі әдебиетінің маңызды ақын-жазушыларының бірі. Әрбір тақырыбы тікелей түркі жұртымен байланысты. Осы себепті, Түркияда магистратуралық және докторантуралық диссертация тақырыбы ретінде зерттелді. ТҮРКСОЙ-мен алдағы уақытта бұл бір жинақ ретінде жарық көреді деп көздеп отырмын.

Халықаралық шара соңында ақынға ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» ордені табысталды. Қазақстанның Еңбек Ерінің 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. «Мұхтар Шахановтың өлеңдері мен әндері» атты концерттік кеші өтпек. Онда «Қаған» тобы мен қазақтың бірқатар өнерпазы өнер көрсетеді.

Авторы: Меруерт Қанағат