Таразда «Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестивалі өтті

Таразда «Қасиетті Қазақ Елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Шет елдердегі қандастарымыздың басын қосқан айтулы жиын биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің әр өңіріндегі қандастарымызбен қатар Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан секілді мемлекеттерден 30-дан астам этникалық қазақ қатысты.

Айта кетейік, бұл іс-шара «Отандастар» қорының мұрындық болуымен өткізілді.

Түркиядан келген қандасымыз Нұрбазар Жәңгіртегі қылқалам шебері. Оның туындыларының ерекшелігі - суретті ағашқа салатынында. Ал биылғы өнер фестиваліне алып келген дүниелерінің барлығы қазақы нақышта. Суретші осы арқылы қазақты әлемге танытқым келеді дейді. 

Нұрбазар Жәңгіртегі, фестивальге қатысушы /Түркия/:

- Қасиетті Қазақ елі болғандықтан, Қазақ елінің қасиетті жерлерін, көркем табиғатын бейнелеуді жөн көрдім. Сонымен қатар, тарихы, тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады демекші, бұрынғы Алаш арыстарының бізге берген өнегесін, сонымен қатар, қазақ ұлы тұлғаларының ақылия сөздерін, сонымен қатар ол кісілердің бейнесін бейнеледім.

Фестиваліне суретшілер мен қолөнер шеберлерінен бөлек дәстүрлі әншілер, күйші-жыршылар да қатысты. Олар атамекенге келіп, өнер көрсетіп жатқандарына дән риза. 

Заңғар Еркебекұлы, фестивальге қатысушы /Моңғолия/:

- Әрине, қобалжу, толғаныс бар. Дегенмен де бұл біздің сахна, сосын бізді тәрбиелейтін халық. Бастысы, халыққа ұнаса, осы Тараз жеріне біздің әніміз әуелесе, бұл бақыт деп ойлаймын. Сондықтан, осы ақжарма көңілге, ақ ниетке, атажұртымыздағы ағайынымыздың пейіліне тек басымызды иеміз.

Жалпы қазір шет елдерде 8 миллионға жуық этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Ал олардың ұлттық болмысын сақтап қалу, тілі мен ділі, әдебиеті мен мәдениетін ұмытпау үшін Сыртқы істер министрлігі бастап, «Отандастар қоры» қолдау танытқан түрлі шаралар өткізіліп отырады.

Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КАҚ президенті:

- Негізінен енді «Отандастар қоры», тек қана бұл өнер фестивалі емес, сонымен қатар шет елдегі қазақтарымыздың өз ана тілін үйренуіне байланысты сол елдерде курстар ұйымдастырады. Қазіргі таңда 8 елде осындай оффлайн курстар жалғасуда. Шетелдегі белсенді жастарды жыл сайын Қазақстанға әкеліп, 3 күндік арнайы бағдарлама жасаймыз. Биыл жаңа құрылған Абай облысында өтті. Шет елде тұрып жатқан мектеп оқушыларының жазғы лагерьлерін ұйымдастырып тұрамыз. 

Өнер фестиваліне қатысушылар 4 номинация бойынша өзара үздіктерді анықтап, олар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал қандастар үшін ең басты сыйлық атажұртқа табан тигізу екені даусыз. 

Дамир Берікұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан