Асқабаққа салынған картина

Қарапайым асқабақты түрлі-түсті бояудың көмегімен өнер туындысына айналдырған қылқалам шеберін көргеніңіз бар ма? Алматылық Үміт Жұбанышева осы бағытта тер төгіп жүрген еліміздегі жалғыз кәсіби суретші. Бүгінде оның қорында 70-тен аса асқабаққа салынған картинасы бар.

Үміт Жұбанышеваның асқабаққа салынған «Күріш суыру» картинасына 35 жыл болыпты. Ертеректе технология жоқ кезде келіншектер күрішті кебегінен айыру үшін желді күні арнайы шығатын болған. Туындыға анықтап қарасаңыз, ұсақ кебектерді байқауға болады. Бұл асқабақтың өзінің таңбалары екен. Кейбір жеріне тіпті бояу тимеген. Ерекше өсімдіктің табиғи пішіні, жаратылысы оған сурет салуыма себепші болды, дейді Үміт Жұбанышева. 

Үміт Жұбанышева, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

-  Картонда жұмыс істедім, холста жұмыс істедім. Содан бір күні байқап қалдым бір балалар доп ойнап жатыр екен. Бірақ доп емес, доптары қисық, допқа ұқсамайды, алып қарасам тастай зат екен үйге келіп тазалаған кезде ғажап қой өңдері. Бір керемет ою сияқты дақтар шығады. Содан мен оған сулы гуашпен бояумен салдым, темперамен салдым, ол тұрмайды екен. Сөйтіп енді майлы бояумен салған кезде ғажап дүниелер шыға бастады. Содан асқабақты өте жақсы көріп қалдым.

Асқабақ тұқымдасына жататын бұл өсімдік жабайы, яғни жеуге жарамсыз. Піскен кезде, сап-сары болып, пәлегінен ажырап, қатып қалады екен. Үміт оны өзінің туған жері Қызылордадан әкеліп, кептіріп, сурет салуға дайындайды. 

Үміт Жұбанышева, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- «Сезім» деген серия жасадым да мен бір топ, картиналар. Сонда мына асқабаққа қараңызшы, ғажап өзінің табиғи бояулары. Мынау қызбен жігіт, далада аңдар, ешкілер, құстар, қарап, тамаша емес пе? Бояулары керемт ұнайды. Мынау бояудың өзі жеріміз ғой, өзіміздің сұрғылт.

Үміт Жұбанышеваның асқабаққа салған 70-тен аса картинасы бар. Олардың көпшілігі ауыл тақырыбын өзек еткен. Мәселен, «Арық жағасында» картинасында кір жуып отырған келіндерді бейнелесе, «Киіз үй» туындысында ауылдың мамыражай тіршілігін көрсеткен. «Көбіне, бала кезде көз алдымда қалған бейнелерді асқабаққа түсіремін», - дейді ол.  Ерекше өнерді жанына серік еткен Үміт Жұбанышева өзінің жеке көрмесіне дайындық үстінде. 

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов