Алматыда ұлт ұстазының құрметіне бірқатар іс-шара өтті

Бүгін білесіздер, ұлт ұстазы, Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына тура 150 жыл. Қалың елі қазағының ардақты ұлына деген құрметі ерек. Туған жерінен бастап тойлап жатыр.

Алматы қаласында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Қала жұрты алдымен Алаш ардақтысының ескерткішіне гүл шоқтарын қойса, артынша зиялы қауым өкілдері күрескерді ұлықтаған жиын өткізді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ғана емес әлем халықтарының ұстазы екенін оның еңбектері дәлелдеп берді. «Сондықтан да жыл өткен сайын ұлы тұлғаның есімі жаңа бір қырынан жарқырап, бейнесі әр жүректе шамшырақтай жанып тұрады», - дейді ұлт ұстазының мерейтойына жиналған зиялы қауым өкілдері.  

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

- Ол кісінің өсиеттерінің әлі орындалмағаны, жеріне жетпегені аз емес. Алаш күресі, Алаштың мақсат-мұраты деген ол өлмейтін идея. Сол идеяның ту ұстаушыларының біреуі болған бұл кісі. Сондықтан бұл бір жылдың, бір күннің, бір айдың тойы емес,  бұл әлі жалғаса беретін шара деп есептеймін.

Бүгінде еліміздің әр өңірінде Алаш ардақтысын ұлықтап, оның мол мұрасын жан-жақты насихаттау жұмыстары жүріп жатыр.

Алматыдағы Байтұрсынұлының мұражай-үйі де жақын күндері күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылады. Ахаң бұл үйде 1933-37 жылдар аралығында өмір сүрген. Кейін сол ғимарат тұрған көшеге ұлт ұстазының есімі берілді. Жөндеуден соң музейдің экспозициясы жаңартылып, білім, ғылым және тәрбие орталығы ретінде дамыту қолға алынып отыр.

Айбек Ережеп, Ахмет Байтұрсынұлы музейінің ғылыми қызметкері:

- Музейде  бұрынғы 20-ғасырдың басындағы келбетін сақтайды.  Бірақ модернизациядан өтіп жатыр. Болашақ ұрпақ көру үшін компьютерлік технологиямен жабдықталады. Аудиогид болады, басқа да түрлі-түсті экрандар қойылады деген сияқты жаңашылдықпен жасалып шығады.

Енді ұлт ұстазының 12 томдық толық шығармалары жарық көреді. «Сондай-ақ қала ортасында Алаш ардақтысына арналып еңселі ескерткіш тұрғызу жоспарда бар»,-дейді қала басшылығы. Дөңгелек үстелге жиналған зиялы қауым өкілдері Алаш ардагерін әлі де толықтай зерттеу керектігін тілге тиек етті.     

Данияр Әлбозым, тарихшы-этнограф:

- Жүз пайыз  толығымен барлығы  зерттелді деген  сөзді айту әлі де қиын. Мен анау шағатай тілінде жазылған Фатима Ғабитованың күнделігін оқыдым, сонда Ақаң туралы көптеген мәліметтер бар. Оны әзір жарыққа шығарып жатқан ешкім жоқ. Бұл да болса болашақ зерттерулердің нәтижесінде шығып қалады деген үлкен үмітім бар.  

Қараша айында Алматыда Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-конференция өткізу жоспарланып отыр. Ұлты үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғаны қалай ұлықтасақта жарасады.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев