Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері өтті

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері  өтті

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара Ресейдегі қазақтардың ең көп  тұратын Астрахань облысында,  Құрманғазы Сағырбайұлының туған жерінде  үлкен концерттен басталды. Ал енді мерекелік шаралар татар елінің астанасы, мың жылдық тарихы бар қала - Қазанда жалғасты.

Ирада Аюпова, Татарстанның Мәдениет министрі:

- Бұл әрине біздің халықтар достығы үшін өте маңызды шара.  Әсіресе Татарстан үшін қазақ бауырлас халық. Көрнекті қайраткерлерімізден бастап, ортақ тұстарымыз көп. Мысалы, татардың ғана емес, адамзаттың ақыны атанған Ғабдолла Тоқай ақын ретінде Қазақстанның Орал қаласында қалыптасты.

Мұса Жәлел атындағы Татарстан академиялық опера және балет театрында Қазақстан өнерпаздарының гала-концерті өтті.  Көрермендер Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің, домбыра шеберлері Секен Тұрысбеков, Батыржан Мықтыбаев пен Айгүл Үлкенбаеваның, "Астана Опера" театрының жетекші солисті Салтанат Ахметованың және басқа да елімізге танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдардың өнерін зор ықыласпен қарсы алды.

- Бауырлас татар мен қазақ мәдениеті бір-біріне жақын, бұл әндер біз үшін жай әдемі ғана емес, жүрекке жақын өнер.

- Жанға дауа, жүрекке жылу сыйлаған әуендер үшін ризамыз.

- Бұл әртістер бізді қазақтың төл мәдениетімен таныстырып, жоғары дәрежеде өнер көрсетті.

Бүгін Татарстан делегациясы Қазақстанның Абай облысына аттанады. Семейде Сабантой мерекесіне қатысады. Сонымен қатар, екі ел өкілдері экономикалық интеграцияны тереңдету жолдары  мен жаңа бірлескен жобалардың келешегін талқылайды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров