Атырауда Маржан Ершудің шығармашылық кеші өтті

Осыдан 25 жыл бұрын Атырау қаласы гимнінің сөзін жазған ақын туған жерінде «Жүрегім» атты кітабының тұсауын кесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығармашылық кешке Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов бастаған зиялы қауым қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шабыт фестивалінің Гран-При иегері Маржан Ершудің бүгінде 10-ға жуық кітабы жарық көрген. Бірнеше әннің сөзін жазған. Құрманғазы мәдениет сарайында кешін өткізген ақын халықтың қошеметіне бөленіп, рухты жырларын оқыды.

Маржан Ершу, ақын:

– Бұл кешті өткізгендегі мақсатымыз менің ғана шығармашылығымды насихаттап қою емес. Осы елімізге деген, жерімізге деген Атырауға деген құрметіміз, біздің Атырауға деген құрметімізді асқақтату және жан-жаққа таныстыру мақсатында болып отыр.

Жылыой ауданның Ақкиізтоғай ауылында туған ақынның өлеңдері шет тілдерге де аударылған. Туған топырағында тұсауын кескен «Жүрегім» атты жыр-кітабын қырғыз тіліне аударған Алтынай Темірова ақын жырларының терең екенін айтады. Шығармашылық кеште облыс әкімінің орынбасары  Жасұлан Бисембиев құттықтау сөз сөйлеп, ақынға құрмет көрсетті.

Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:

– «Атырау арман» әнінің авторы ретінде әрбір атыраулықтардың сөздері сіздің жазған сөздеріңізде. Сондықтан да бүгінгі шығармашылық кеш құтты болсын дегім келеді. Бүгінгі шығармашылық кештен атыраулықтар шынайы, рухани әсер алатынына сенімдіміз. Сізге отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, шығармашылық жолында толағай табыстар тілейміз.

Маржан Ершу «Дина» , «Исатай – Махамбет» драмалары мен «Махаббат туралы аңыз» мюзклін жазған. Шығармашылық кеште ақын өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов